Жамбыл облысында оқушыларды тамақтандыруға ₸9,5 млрд бөлінді

Мектептердегі ас мәзірі қандай болмақ? Оны кім дайындайды, сапасын кім тексереді?

Жаңа оқу жылында Жамбыл облысы 100 мыңнан аса баланы тегін тамақтандырады. Оның 70 мыңы – бастауыш сынып оқушысы. Қалғаны көпбалалы және мұқтаж отбасылар екен.

Жамбыл облысының мектептерінде жаңа оқу жылына деген дайындық аяқталып қалды. Оның ішінде балаларды тамақтандыруға баса көңіл бөлінген. Қазір аспаздар ас мәзірін пысықтап жатыр. Мысалы, Ғани Кәрімов 10 жылдан бері мектеп асханасы саласында жұмыс істеп келді. Оның айтуынша, бұл кәсіпте ең алдымен азық-түліктің сапасына мән берген жөн.

Ғани Кәрімов, кәсіпкер:

- Ас мәзірі білім басқармасы мен санитарлық-эпидемиолог мамандармен жасалады. Биыл баға өзгермейді. Сол күйі 500 теңге болып қалды. Тез бұзылатын өнімдерді күнбе-күн сатып аламыз.

Бір апталық ас мәзіріне сүт өнімдері, балық, ет, жеміс-жидек, бал, кондитерлік өнімдер мен шырын кіреді. «Әр тағамның құнарлылығын диетологтар тексереді», – дейді инженер-технолог Людмила Кузенкова.

Людмила Кузенкова, инженер-технолог:

- Салаттар 50 грамнан. Ет – 40 грамм. Қоспасы – 100 грамм. Қуырылған тағамдар, газдалған сусындар мен фаст-фудқа тыйым салынған.

Оқушылардың ас мәзірін білім басқармасы жанынан құрылған ведомствоаралық сарапшылар комиссиясы тексереді. Одан бөлек, әр мектепте арнайы топтар жұмыс істейді. 

Перизат Шәкір, білім басқармасының бас маманы:

- Оған қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медициналық пунк қызметкерлері кіреді. Олар сатып алынған азық-түліктің сапасын қадағалайды.

Өңірде балаларды тегін тамақтандыру үшін 9,5 млрд теңге бөлінген. Жауапты мамандар: «Мектеп асханаларында ешқандай мәселе туындамайды», – деп сендіріп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Анастасия Сүлейменова, Бақытжан бапаев, Эльдар Байділдә.