Зеренді ауданындағы бірнеше ауыл тұрғындары жол азабын тартып отыр
Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты бірнеше ауылдың жолы сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, облыс орталығының дәл іргесінде орналасқан Қошқарбай, Кеңөткел, Троицк және Қарсақ елді мекендерінің жолы отыз жылдан бері мүлдем жөндеу көрмепті. Жергілікті тұрғындар жауаптылар жылда құр уәдемен тойдырып келеді деп қынжылады. Жыр болған ауыл жолдарының мәселесін арна тілшісі Абзал Азаматұлы біліп қайтты.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жол азабын жүрген білер. Төрт ауылдың жүздеген тұрғыны 30 жылдан бері осы азапты тартып отыр. Тіпті соңғы кезде қалаға қатынаудың өзі қиындап кеткенін айтады. Жергілікті тұрғындар тақтайдан тегіс жолдан да үмітін үзген. «Тым болмаса шұрық-тесік жолдарды қиыршық таспен жамап берсе екен», - дейді.
Қасымбек Жылқыбаев, Қошқарбай ауылының тұрғыны:
- Не істейтінімізді білмей отырмыз. Мына қиыршық тасқа зар болып отырмыз. Жолдың кішкене қиыршық тас төсеп берсе, автогрейдер жүргізсе, соған рақмет айтушы едік. Ол жоқ міне, 30 жылдан бері.
Ауыл халқының дені жұмыс істеуге қалаға қатынайды. Амалы таусылған тұрғындар осы жолмен жүруге мәжбүр.
Ағыбай Мәтжанов, Троицк ауылының тұрғыны:
- Мінекей, жаздан бері мен екі рет алдыңғы мостты ауыстырдым. Жүру қиын. Жауын болса мүлдем грейдерден шығып қаласың. Өте қиын жағдай. Балалар оқудан үйлеріне келе алмайды.
Ауылдықтар бұл мәселені талай рет көтерген. Бірақ нәтиже жоқ. Ал, жергілікті шенеуніктер қазір 28 шақырымдық жолға қос жоба жасалғанын айтады. Алдағы айда Қарсақ пен Троицк арасындағы жолда құрылыс жұмыстары басталады. Жоба құны 200 млн теңге.
Серік Исаханов, Зеренді ауданы әкімі орынбасарының м.а.:
- 200 млн теңге асфальт салуға жеткіліксіз. Яғни, Қарсақ ауылы мен Троицк ауылының арасын толық жауып шыға алмаймыз бұл қаражатқа. Сондықтан негізгі асфальттың астына салатын жұмыстар ғана жүргізіледі. Асфальт жанағы айтып өткен екі жоба былтыр дайындалған үш жылдық жобада ақша бөлінген жағдайда 2025 жылдың көктемінде асфальт салу жұмыстары жүргізіледі.
Осылайша, билік өкілдері де жұмыстың қашан аяқталатынын дөп басып айта алмайды. Ал, жыр болған жол келер жылы жөнделеді дегенге жергілікті халық сенер-сенбесін білмейді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный