Орал – Астана бағытындағы пойыз билеттері тапшы
Жаңа оқу жылы қарсаңында Астанаға баратын оралдық студенттер мен олардың ата-аналары пойызға билет таппай отыр, деп хабарлайды 24kz.
Өйткені биыл елордаға жүретін екі бірдей тальго пойызы қысқарып қалған.
Енді амалы құрыған жолаушылар қымбат болса да ұшаққа мінуге, не Алматы, Астана қалаларына таксимен қатынауға мәжбүр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Ішкі туризммен айналысатын Айболат Құрымбаев Бурабайға оралдық өрендерді апарғысы келеді. Алайда теміржол бекетінің табалдырығын тоздырғанына айдан асты, алғаны бір жауап. Амалы құрыған кәсіпкер енді бір вагонды тұтас жалдауға өтініш жазыпты.
Айболат Құрымбаев, Орал қаласының тұрғыны:
- Берген кеңесі вагон алу керек деп, вагонға тапсырыс беріп жатырмыз. Мен апаратын 10 адам, вагон купейный 36 адам. Ол нонсенс енді. Мүлдем ешқандай вариант жоқ деген сияқты. Мен түсінем, егер пойызға билет болмаған жағдайда жергілікті билік немесе басқарма автобус ұйымдастыру керек. Немесе қосымша вагон шығаруды өздері бас ауырту керек.
Жаз кезінде билет тапшылығы бұрын да болатын. Ал биыл Алматы, Астана қалаларына шойын жолмен қатынау тіпті қиындап кетті. Билеттер сатылымға ай жарым бұрын шығады, сол сәтінде жоқ болады. Тұрғындар 2-3 мың шақырымға өз көліктерімен немесе таксимен кетуге мәжбүр.
Әділбек Таңжарықов, Орал қаласының тұрғыны:
- Қатынас үлкен проблема. Пойызға билет жоқ. Астана не Алматыға жету үшін Атырау не Ақтөбеге барып ұшаққа міну керек. Ол қалаларда ұшақ бағасы бізден әжептәуір арзан. Жолдың жайы анау. Ақтөбеден әрі қарай шұрқ-тесік. Аяқ бассаң авария.
№57 Орал – Астана пойызы жұп күндері жолға шығады. Бұрын оған қосымша күнара Астанаға тальго болатын. Орал – Алматы тальго пойызы да бір күн Қызылорда, бір күн Астанамен жүретін. Соңғы екеуін биыл алып тастапты.
Айгүл Отарғалиева, БҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы:
- Көлік министрлігіне халықтың мұң-мұқтажын жеткіздік. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты бұл мәселелер шешімін таппады биыл осы жаз уақыттарында. Сонымен қатар Орал – Астана пойызы күнара жүретін сол күнара жүретін пойызды күнде жүргізуге қосымша субсидия беруге хаттар жолданды, бірақ ол ұсыныстарымыз қолдау таппады.
Біз материалды дайындап жатқанда белгілі болғаны – қыркүйектің 19-ынан бастап Оралға Астанадан тальго пойызы шықпақ. Алайда бұл жаңалық Жайық жұртшылығын қуанта қоймады. Өйткені нағыз барыс-келістің қызған шағы артта қалды. Әрі №81-82 пойыз бұрын Қостанайға жүрсе, маусымнан бастап маршруты Ақтөбеге ұзарған екен. Енді Оралға дейін келмек. «Сонда 3 өңірдің қажеттілігін бір пойыз жаба қоюы екіталай», - дейді мамандар.
Мұрат Мұқаев, БҚО мәслихатының төрағасы:
- 8 депутаттық сауал жолдағанбыз Үкіметке, министрге, ҚТЖ-ға, Парламент Сенат және Мәжіліс депутаттарына. Соның нәтижесі болар деп ойлаймыз. Бұл қосымша пойыз да жеткіліксіз бізге. Енді министрдің баяндауынша, 25 жылы біздің облысқа жаңа вагондар берілетін болды. Сонымен қатар қосымша жаз айларында тағы да бізге составтар берілетін болды. Ол теміржол тасымалы бойынша.
Сонымен қатар Оралға әуе қатынасы мәселесі де әлі толық шешімін тапқан жоқ. Депутаттардың былтырғы талабынан кейін Астанаға рейс саны аптасына 10-нан 14-ке, Алматыға 13-тен 19-ға көбейген. Бірақ ол әлі де жеткіліксіз. «Көршілес Атыраумен салыстырғанда Оралда рейс саны 40%-ке аз, ал билет бағасы 25-30% қымбат», - дейді депутаттар.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов