Жаңақорғанда әлеуметтік-мәдени нысандар салынып жатыр
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында музей, архив, неке сарайы, жастар орталығы мен ардагерлер кеңесінің өз алдына ғимараты жоқ, деп хабарлайды 24kz.
Өнер мектебі де бөлмелері аядай ескі ғимаратта орналасқан. Байкенже ауылындағы мектептің де жағдайы мәз емес. Осы түйіткілдерді шешу үшін ауданда бірнеше әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы басталды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Жаңақорған ауданындағы тарихи-өлкетану музейі орналасқан ғимараттың іргетасы 1904 жылы қаланған. Кезінде аудармашылар дайындайтын мектеп болған. Қазір өңір тарихынан сыр шертетін жәдігерлер осы 120 жылдық тарихи бар ескі ғимараттың бір бөлігінде сақтаулы тұр. «Мұражай қорында тиісті температура сақталуы керек. Құнды мұраны бүлдіріп алмау үшін барлық шараларды атқарып отырмыз. Дегенмен, жаңа бастамаларды қолға алу үшін аумағы кең ғимарат қажет», - дейді музей меңгерушісі.
Ажар Жанаева, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:
- Қазіргі таңда музей қорында 11731 жәдігер бар. Оның 7,5 мыңдайы негізгі қорда. Ал қалғаны көмекші қорға жатқызылған. Қазір енді сақталу жағдайлары жылына белгіленген уақытта дезинфекция жұмыстары жүргізіліп тұрады. Орналасу тәртіптері, оның жай-күйі, сақталуы соның барлығы қарастырылып жатыр.
Аудандық музейден бөлек, архив, неке сарайы, жастар орталығы мен ардагерлер кеңесінің де өз алдына ғимараты жоқ. Айтулы мәселені шешу үшін ауданда аумағы 2588 шаршы метрді құрайтын үш қабатты «Руханият орталығы» салынып жатыр.
Тұрарбек Өмірбеков, Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Кент орталығына, ауданымызға, халқына қажетті нысандар болып табылады. Қазіргі таңда көріп отырғандай, ғимарат жұмыстары 50% жұмыс атқарылды. Осы ағымдағы жылдың қараша айының 15-іне дейін осы «Руханият орталығы» ғимаратын пайдалануға беру жоспарымызда.
Аядай ғана бөлмелері бар ескі ғимаратты паналап жүрген «Өнер мектебінің» де өзекті мәселесі биыл шешімін табады. Сонымен қатар ауданда бұрын-соңды болмаған оқушылар үйі ашылады. Екі ұжымға арналған ғимарат Жаңақорған кентіндегі жаңа ықшам ауданнан салынуда.
Диас Кенжеғұл, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Қазір объектіде 35-40 адам жұмыс жасап жатыр күннің ыстығына қарамастан. Өруін бітірдік, енді плитасын 10 күнде қойып болсақ, шатырын құрастырып бастаймыз. Бірінші қабатын толық бітірдік, екінші қабатының жартысын бітіріп қалдық. Межелі уақыт қазан айында.
Бұдан бөлек, өңірде салынатын 21 «Жайлы мектептің» екеуі Жаңақорған ауданында бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар Байкенже ауылындағы ескі мектептің орнына жаңа оқу жылында 150 орында білім ұясы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар іске қосылса, оқушылардың сапалы білім алып, түрлі үйірмелерге қатысуына қажетті жағдай толық жасалады», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин