Енді Sim-картаны тіркеу биометрия арқылы іске асады
Бұдан былай жаңа Sim-картаны тіркеу биометрия арқылы іске асады. Мұндай жаңа талап алаяқтардың көбеюіне байланысты енгізілді, деп хабарлайды 24KZ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті ережелерге түзетулер жобасын дайындады. Енді абоненттер бет бейнесі мен биометрия деректерін ұсынуға міндетті. Мұндай әдіспен жаңа нөмірді тіркеу ғана емес, қолданыстағы ұялы байланыс қызметінен бас тарту және басқа операторға ауысу үшін де қолданылады.
Олжас Қабенов, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары:
- Ұялы байланыс операторлары қазір ақпараттық қауіпсіздік саласында бірыңғай талаптарды сақтайды. Бүгінде операторлар абоненттер жайлы деректерді онсыз да жинақтап отыр және оның рұқсатынсыз бұл деректерді ешкімге бере алмайды. Талдауларға сәйкес бүгінгі күнге дейін ешқандай ақпарат тараған жоқ. Егер болған жағдайда операторларға қатысты тиісті шаралар қолға алынады.