Қазақстанның Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы тұрақты өкілдігі ашылды
Канададағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымында Қазақстанның тұрақты өкілдігі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Еліміздің Көлік министрі бастаған делегация Монреаль қаласында өткен XIV Аэронавигациялық конференцияға қатысып жатыр. Министр Марат Қарабаев шара аясында Халықаралық авиация ұйымының Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен кездесіп, басқару қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды. Оның негізінде отандық авиациялық мекемелер ұйымның тәжiрибесi мен ресурстарын пайдаланады. Сонымен қатар уағдаластық аясында Халықаралық ұйым азаматтық авиация мен әуежайларды жоспарлау секілді істерде Қазақстанның қажеттіліктеріне сай нақты ұсыныстар бере алады.
Хуан Карлос Салазар, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысы:
- Қазақстанның азаматтық авиация саласы дамып келе жатыр. Бір кездері бірқатар сынақтарға тап болған еді. Алайда қысқа уақыт ішінде оны еңсеріп, эволюциялық даму қарқынын көрсетті. ИКАО бұл жетістікке өте қуанышты. Қазір Қазақстан азаматтық авиацияны дамыту бойынша тек аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі жетекші елге айналды.