Азаматтарды құмар ойындарға тартқан 6000 сайт бұғатталды

Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы лоторея ұйымдастыру дерегі көбейіп кеткен, деп хабарлайды 24kz.

Ел тұрғындарын құмар ойындарға тартқан 6 мыңнан астам сайт анықталып отыр. Қазіргі таңда қауіпті контент эфирін жедел түрде бұғаттайтын жасанды интеллект енгізілді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен өткен ведомствоаралық кездесуде айтылды. Шетелдік ұйымдастырушылар қазақстандық ойыншылардан тікелей ақша қабылдай алмайтындықтан, олар жергілікті төлем ұйымдары мен банктерді пайдаланады. Сол себепті бұдан былай интернет-казиноға қатысты транзакциялар шектеледі. Ал заңсыз төлемдер мен аударымдарды жүзеге асырған қаржы ұйымдары жауапкершілікке тартылады. Қаржылық мониторинг агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігіне лудоманияға қарсы бірігіп күресу алгоритмін ұсынып отыр. Сондай-ақ онлай казинолардың төленбеген салықтары жөнінде Мемлекеттік кірістер комитетіне ақпарат ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді. Жиын соңында ведомство өкілдері іскерлік ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Дмитрий Малахов, ҚР ҚМА төрағасы:

- Мемлекет басшысы заңсыз ойындарды жоюға байланысты нақты міндет қойып отыр. Сол себепті әлеуметтік желідегі онлайн-казино, құмар ойындарды тоқтатуға бар күшімізді салуымыз қажет. Өйткені азаматтар несиеге алып, қарызға батып, тіпті қылмысқа баруда. Оның соңы суицид, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұласып жатыр. Біз бірлесіп бұл мәселені шешуіміз қажет. Құмар ойындарды ұйымдастырушылар міндетті түрде заң алдында жауап береді. 

Мәдина Абылқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Қаржылық монитринг агенттігі тарапынан мемлекеттік мекемелерді лудоманияға қарсы күреске жұмылдыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Онлайн-казино, құмар ойындарды ұйымдастыруды түбегейлі тоқтатуды мақсат еткен барлық ведомство өз саласы бойынша нақты механизмдер қолданады.