Биыл Өзбекстаннан Қазақстанға 4 млрд текше метр су жіберілген

Биыл елімізге Сырдария және Достық арнасы арқылы келіп жатқан су мөлшері жыл басындағы болжамнан асып түсті, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар мұны табиғи құбылыс деп есептейді. Себебі қыс мезгілінде, яғни, вегетацияаралық кезеңде аймақта жауын-шашын көп болған. Сәйкесінше, оңтүстік өңірлерде қыркүйекке дейін жалғасатын суару маусымы қолайлы жағдайда өтіп жатыр. Мұндай мәліметті Сырдария бассейндік инспекциясының өкілдері де растады.

Рауан Мыңбаев, тілші

- Сәуір айында өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында «Шардара» қоймасына жоғарыдан келетін су былтырғыдан көп болады деп болжанған. Араға айлар салып, мамандардың дегені артығымен орындалды. Сәуір-мамыр-маусым-шілде айларында Өзбекстаннан Қазақстанға 4 млрд текше метр тіршілік нәрі жіберілді. Әрі Достық арнасы арқылы еліміз Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр су алды. Бұл болжамнан 45 млн-ға көп. Нәтижесінде еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалар егінге қажетті суға толыққанды қол жеткізді. Жалпы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тіршілік нәрін тиімді пайдалану режиміне көшкен. Энергия ресурстарымен тұрақты түрде алмасып, бір-бірінің маусымдық қажеттіліктерін өтеп тұрады.

Мереке Иманғалиев, «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігі басшысының орынбасары, Қазақстан өкілі:

- Тоқтағұл энергетикалық режимде жұмыс істейді. Яғни, қыс уақытында суды электр қуатын өндіру үшін мол түсіреді. Ал жазда электр қуатын қыстағыдай қажет етпегені үшін суды жинақтау режиміне көшеді. Ал Қазақстан мен Өзбекстан энергетика алмасу режимінде жұмыс істеп жатыр. Біз қыс уақытында оларға электр энергиясын беріп суды жинақтап, жаз кезінде соны шығаруға тырысамыз.

Еске салайық, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мүшелері вегетациялық кезеңдегі жағдайды бақылау үшін жылына 4 мәрте кездесетін болып келіскен. Алғашқы басқосу Шымкентте өтіп, мамандардың болжамы нақтыланды. Алдағы айларда тағы бір басқосу өтуге тиіс. Мұндай кездесулер Орталық Азияның су тапшылығы мәселесін оңтайлы шешуге көмектеседі.

Авторы: Рауан Мыңбаев