Оқу жылы басталды. Оқушы қауіпсіздігі – басты назарда!

Білім күні мектептердегі қоғамдық қауіпсіздікті 12 мың полиция қызметкері қамтамасыз етті.

2 жарым мың қызметтік көлік тартылды. Әр білім ошағының жанына 2 тәртіп сақшысы бекітіліп, мерекелік іс-шара өтіп жатқан аумақтарды патруль бақылады.

Биыл Қызылорда облысында 180 мың оқушы мектеп партасына отырды. Оның 17 мыңы бірінші сынып оқушысы. Ал қыркүйектен бастап бүлдіршіндер полиция қызметкерлері мен құтқарушылардан қауіпсіздік дәрісін алады. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Айбек Құлмағамбетов мектепке дейінгі жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреді.

Айбек Құлмағамбетов, облыстық полиция департаментінің ӘПБ басшысы:

- Республика көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыз, балалар!» шарасы аясында облыстағы 335 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, жол белгілері, жол үсті таңбаларына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 118 нұсқама, 18 ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды дөңестің 54, жол белгілерінің 112 данасы қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 62-і орнатылды. 308 жаяу жүргіншілер өткелінің таңбалары жаңартылды.

Ішкі істер министрлігі ел бойынша барлық мектепте қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық іс-шара қолға алынды. Әр білім ошағына жауапты тәртіп сақшысы бекітіліп, оқу орындарының маңында партульдік полиция наряды орналастырылды.

Құндыз Бекбауова, Ювеналдық полиция инспекторы:

- Ата-аналар сіздер, өтінеміз, балаларыңызға, немерелеріңізге, үлгі болып, жол бойынан өткенде ереже сақтауға шақырамыз!

Тәртіп сақшылары оқушыларға жол ережесі мен қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде 8 мыңнан астам дәріс өткізді. Сонымен қатар, жас инспекторлар жасағы да қатарластарына жолдағы тәртіп туралы айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Арайлым Көпбаева, жас инспектор:

- Біз инспектор және полиция қызметкерлерімен бірге жол ережесін сақтауды насихаттаймыз. Бірінші сынып оқушыларымен біз ойын түріндегі сабақ өткіздік. Арнайы пазлдар арқылы жол белгілерін жинаттық. Қандай жол белгілерін білетіндерін сұрадық.

Жас инспекторлар жасағында бүгінде 40 мыңнан астам оқушы бар. Білім күні бірінші сынып оқушыларына 360 мыңнан астам арнайы бояйтын кітапшалар таратылды. Ішкі істер министрлігі мерекелік іс-шара ұйымдастырылған жерлерде қандай да бір тәртіп бұзушылық болмағанын мәлімдеді. 

Елордалық тәртіп сақшылары да «Назар аударыңыз, балалар!» акциясын өткізді. Бас қаланың орталық көшелерімен жол апатына түскен көліктерді эвакуатор арқылы алып өтті. Сонымен қатар арнайы жазулар жазылған автобустар, қызметтік мотоциклға мінген тәртіп сақшылары мен байкерлер де шеруге қатысты. Онда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол ережесін сақтаудың қаншалықты маңызды екені түсіндірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көбіне балалардың рұқсат етілмеген жерден көшені кесіп өтуі салдарынан жол көлік оқиғалары болып жатады.

Серік Селеубайұлы, 24.KZ.