Ұлттық қор еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдаланылады

Бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ және аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.

Бұл – Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы. Өз Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталды. Мемлекет басшысы қордың қаражатын ең алдымен мемлекет мүддесі үшін пайдалану қажеттігін айтты. «Осылайша, еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру керек», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық қордың қаражатын ең алдымен мемлекет мүддесі үшін, яғни, еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Бұл қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет.