Президент: Коммуналдық тарифтер орынсыз өспеуі керек
Коммуналдық төлемдердің құны күн санап қымбаттамауы керек. Ел Президенті тұтынушыларға арналған тарифтердің орынсыз өсуін болдырмау керек екенін ескертті.
Ол үшін ұзақ уақытқа арналған жоспар жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды ілгерілетудің маңыздылығына да тоқталды. Сондай-ақ Президент энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуге пәрмен берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн.