Президент облысаралық 10 мың шақырым жолды жөндеуді тапсырды

Кемінде 10 мың шақырым облысаралық және ауданаралық жолдарды орта жөндеуден өткізуіміз тиіс. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистика секторын дамыту жайлы айтқанда осындай тапсырма берді, деп хабарлайды 24kz.

Ал жол құрылыс жұмыстарына қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу керектігін атап өтті. Сондай-ақ теміржол тарифтері қайта қаралуы керек. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ.