Елімізде 250 мың бала жекеменшік мектептерде оқиды
Жауаптылар келер жылдың соңына дейін 200-ден аса жайлы мектепті салып бітіруі керек. Осылайша, олар елдегі білім ордаларындағы оқушы орынының тапшылығын жоюға ниетті, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ жаңа нысандар пайдалануға берілсе, үш ауысымда білім беретін мекемелердің жұмысы жеңілдеп, тозығы жеткен ғимараттар азаймақ.
Осы орайда мәселені зерттеп, мектептердегі түйінді түйткілдер қандай? Салада ілкімді істермен қатар қандай іркілістер бар?
Шыны керек, мектептердің тозуы оқушы орнының тапшылығы секілді мәселелер саланы ілгерлетуде қолбайлау болып отыр. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Жолдауында да айтты. Мәселен, елдегі 1300 мектеп кеңес кезеңінен бері қызмет етіп келеді. Оларды күрделі жөндеуден өткізу ісі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ тағыда шешімін таппаған мәселелер бар екені жасырын емес.
Мыңнан аса мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бүгін Мемлекет басшысы жолдауда жауаптыларға осындай тапсырма берді. Енді Үкімет пен әкімдіктер тозығы жетіп, ескірген білім ордаларын 3 жылда жаңғыртуға міндетті.
Айта кетейік, биылғы білім маусымында жөндеуден өткен мектептер де бар. Мәселен, елде бас-аяғы 8 мыңға жуық оқу ордасы болса, оның 178-і жөнделді. Сондай-ақ мыңға жуық ауылдық білім үйі жаңғыртылды. Бұдан бөлек, өңірлердегі 1,5 мыңнан аса пәндік кабинет соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ескіріп, еңсесі бүгілген білім мекемелерін азайту үшін жаңа мектептерді де салу маңызды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 302 мектеп бой көтереді. Оның 70-і жаңа оқу жылынан бастап ел игілігіне берілді. Олардың бір бөлігі жайлы мектептер. Нақтырақ айтқанда, биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 20 білім үйі салынды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында жекеменшік мектептер туралы тоқталды.
Айтайық, 250 мыңнан аса бала мемлекеттік емес білім мекемелерінді оқиды. Оларды қолдау мақсатында ел бюджетінен 134 млрд теңге қаржы бөлінген. Мемлекет басшысы: «бұл туралы ата-аналар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады», - деді.
Бұл оқу ордаларының қарапайым білім мекемелеріне қарағанда қандай артықшылықтары бар?
Бірінші кезекте, стандартты мектептерге қарағанда көлемі 20%-ке үлкен. Сондай-ақ бастауыш, орта, баяндауыш сыныптардың кабинеттері, спорт залдар бөлек жабдықталады. Бұған қоса, заманауи құралдармен қамтамасыз ету қарапайым мектептерге қарағанда 4 есеге көп. Білім мекемелерінің басшылары мен ұстаздарын таңдау да тыңғылықты ойластырылған. Осы тұста Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың пікірін тыңдайық
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жайлы мектептерге тағайындалып жатқан мектеп басшыларын арнайы оқудан өткіздік. Бұл «Мың өзгерістер көшбасшысы» бағдарламасы бойынша дайындалды. Цифрлық шешімдер және жасанды интеллектінің де элементтері қолданыла отырып, әрбір баланың табысты да білімді болып шығуына бағытталған.