Жаңа кәсіпорын – жаңа жұмыс орны
Машина жасау саласына тартылған инвестиция көлемі екі есе өсті. Былтыр салаға 123 млрд теңге жұмсалды.
33 жоба жүзеге асып, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Нақтыласақ, компьютер, электронды және оптикалық жабдықтарға бөлінген қаржы көлемі артты. Автокөлік пен олардың бөлшектерін шығаратын зауыттарға шетелдік инвесторлар да қаржы салуға ерекше қызығушылық танытып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірісті күшейтуге күш салу қажеттігін тапсырды. Үкіметке инвестор тарту жұмыстарын ширатуды міндеттеді. Бұл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін жоюға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды.
Қазір өңдеу өнеркәсібіндегі болашағы зор салаларды дамытуға назар аударылып отыр. Мәселен Петропавлдағы электр техника зауыты биыл 5 мыңнан астам бұйым өндірмек. Компания өнімнің басым бөлігін экспортқа шығарады.
Ерсұлтан Шәмшиев, Петропавл электр-техника зауыты басқармасының төрағасы:
- Компанияның экспорттық потенциалы үлкен. Қазіргі сәтте біз 90 пайыздан астам трансформаторларды экспорттап жатырмыз. Көбінесе ТМД елдеріне жылына проектік қуат 12 мың, 13 мың транформатор шығару. Осы толық қуатқа 2026 жылы шығамыз. Қазіргі сәтте осы толық қуатқа шығу үшін тағы бізге 50-ден астам маман керек. Олардың бәрін біз даярлап жатырмыз.
Зауыт жұмысын бастағалы 200-ден астам жұмыс орны құрылды. Мамандардың көпшілігі оңтүстік аймақтардан тартылған. Кәсіпорын оларды оқытып, баспанамен қамтамасыз етті.
Жалпы, өндіріс ошақтары өңірлердің дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Саран қаласындағы арнайы экономикалық аймақта 10-нан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Әлібек Молдакәрімов, Қарағанды облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Негізінен, индустриялық аймақ Саран қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына және облыстың дамуына мультипликативті әсерін тигізді. Қалада аймақ құрылған кезден бастап өндіріс көлемі 6 есе өсіп, 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Жаңа жұмыс орындары жағына келетін болсақ, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, салық аударымдарының көлемі 10 млрд теңгеден асты.
Алдағы уақытта Саранда тағы 9 кәсіпорын іске қосылады. Бұдан бөлек шина зауыты үш жылда өндірістік қуатын еңсеруге тиіс. Ал биыл 1 млн шина шығарады. Яғни әлі де бірнеше мың жұмыс орны ашылады.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ