Әуе компаниялары мен әуежайларға айыппұл салынуы мүмкін

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен қоғамдағы бірқатар мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етері сөзсіз, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін Мәжіліс отырысында болған арна тілшісі Ғазиза Мұхаметжанова осы төңірегінде көптеген мәліметпен танысып келді.

Арман Балтабайұлы, жүргізуші:

- Ғазиза, кейінгі кедездері ұшақтардың кестеден кешігуіне қатысты жолашулыар тарапынан шағым көп. Бұл да тұтынушы құқығын бұзудың бір көрінісі. Осы туралы не айтылды бүгін?

Ғазиза Мұхаметжанова, тілші:

- Дұрыс айтасыз, Арман Балтабайұлы. Енді рейстерді кешіктіргені үшін авиакомпаниялар ғана емес, әуежайлар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек азаматтық авиация саласындағы осы мәселені көтерді. Ол әуе компанияларына заңды күшейтіп, жолаушылар құқықығын қорғау тетіктерін қайта қарауды ұсынды. Депутатты тыңдайық.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Air Astana, FlyArystan сияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былықтарының кесірінен халық шаршады, мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, билеттерді қайтармайды, рейстерді кейінге қалдырады, сорақысы – мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Мәселе халықаралық конвенцияда шығар. Кезінде Варшава конвенциясына қосылғанбыз, бірақ ол құжатта тетіктер жоқ. Мүмкін ол конвенциядан шығып, Монреаль конвенциясына қосылу керек шығар. Әуежай мен әуекомпания басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты осы заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па?

Осы тұста Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев депутат көтерген мәселе өте өзекті екенін жасырмады. Қазіргі заңда кемшін тұстар бар, бірақ оны алып тастадық деп ақталды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Сіз дұрыс айттыңыз, ақшаны қайтармау үшін мүмкіншілік болды. Қазіргі заңда кемшін тұс бар, біз оны алып тастадық. Енді мынау заң жобасымен біздің құзыретіміз кеңейеді, енді бұл мәселе бізге қарайтын болады.

Ал Мәжіліс отырысына қатысқан Көлік министрлігінің өкілі Қазақстан 2015 жылы Монреаль конвенциясын ратификациялағанын және сол құжат аясында жұмыс істеп жатқанын айтты. 

Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Бүгінгі күні рейстерді кешіктіргені үшін енді тек қана авиакомпаниялар ғана емес, әуежайлардың да жауапкершілігін қарауды қарастырып жатырмыз. Неге десек, кейбір уақытта әуежайлардың өздерінің дайындығы болмай қалған жағдайлар да бар. Мүгедек адамдар, балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұлдар салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компаниялар мен әуежайлардың басшылығына беру жөнінде дайындалған түзетулеріміз бар. Олармен сіздерге келетін боламыз.

Тиісті заңға түзетулер енгізіліп жатса, қордаланған мәселе шешімін табар деген үміттеміз. Осы жерде айта кетейік, әуе рейстерінің кешігуі әсіресе, жазда, халықтың көбі еңбек демалысына шыққан кезде жолаушыларды біраз әбігерге салды. Жақында елордада қатты бұршақ жауғаннан кейін 15 рейс кестеден кешігіп қалған. Бұған дейін шілдеде техникалық себептермен Қарағандыдан Антальяға баратын ұшақ 30 сағатқа кідірді. Осындай мысалдар көп.