Олжас Бектенов мұнайшыларды төл мерекесімен құттықтады

Елдегі мұнай индустриясының 125 жылдығына орай Олжас Бектенов сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды 24kz.

Премьер-министр мұнай-газ секторын дамытуға сүбелі үлес қосқан 40 қызметкерді Президент атынан «Парасат» орденімен марапаттады. Үкімет басшысы елде «қара алтынның» айтарлықтай қоры бар екенін атап өтті. Қазір расталған мұнай қорының көлемі 4 млрд тоннадан асады. Бұл көрсеткіш арқылы Қазақстан әлемдік нарықтағы маңызды ойыншылардың біріне айнала алады. Былтыр 90 млн тонна мұнай өндірілсе, алдағы жылдары 100 млн тоннаға жеткізу жоспары бар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Атырау облысында полипропилен өндіретін зауыттың ашылуымен толыққанды мұнай-газ химиясы кластері құрылды. Алда полиэтилен және бутадиен шығаратын жаңа жобалар тұр. Алдағы жылдары жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында салынатын зауыттардың құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Марат Амантаев, «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» МГӨ қызметкері:

- Президент қолдауы бойынша бізде техника жаңаланып жатыр. Қазақстан мұнайшыларын мерекесімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Қазақстан мұнайы халыққа тек баршылық алып келсін. Еліміз тыныш болсын.