СҚО-да кәсіпкерлікпен айналысатындар саны үш мыңға азайып кеткен

Солтүстік Қазақстан облысында бір жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар саны үш мыңға азайды.

Қазір бұл салада 36 мыңға жуық жеке кәсіпкер мен заңды тұлға өз ісін дөңгелетіп отыр. Жалпы өңірдегі шағын және орта бизнес үлесінің 99 пайызы дәл осы шағын кәсіпкерлік саласына тиесілі.

Сондай-ақ орта кәсіпкерлік санатына кіретін 117 өндіріс орны жұмыс істейді. Кәсіпкер Елена Семидоцких саладағы мүмкіндіктер туралы халыққа кеңінен түсіндіру қажет дейді. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама көп. Ал жаңа Салық кодексі көп жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.

Елена Семидоцких, кәсіпкер:
- Кәсіптің дамып, салық төлеушілердің салықтан жалтармауы үшін әрі көлеңкелі экономикадан шығу үшін өзгеріс керек. Біз бұл туралы біраздан бері айтып жүрміз. Осыған назар аударғаны қуанарлық жайт. Кәсіпкерлер өз игілігі ғана емес, ел игілігі үшін де жұмыс істеуі керек. Жаңа салық Кодексінде күрделі мәселелер оңтайланады деп есептеймін.