Шамалған станциясында көптен күткен айналма жол ашылды

Алматы облысының Шамалған станциясында көптен күткен айналма жол ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Естеріңізде болса, 2019 жылы қыркүйекте ауыл маңайындағы теміржол өткелінде пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысқан еді. Мамандардың айтуынша, бұл жолайрығы бірінші кезекте осы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни автокөлік пен поездің соқтығысуына жол бермейді. Оның ұзындығы 6 шақырым. Ал ауыл ішіндегі теміржол өткеліне шектеу қойылады.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Шамалғандықтар осы күнге дейін теміржол өткелінен қорқынышпен өтіп келді. Өйтетіндей жөні бар. Мұнда ертеңді-кеш үнемі кептеліс. 5 жыл бұрынғы жол апаты соның кесірінен болған еді. Автобус теміржол бойында тұрып қалған. Кептелістен артқа не алдыға да жүре алмаған.

Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысып, бір адам көз жұмған еді. Енді жолайрық пен көпір құрылысының аяқталуына байланысты бұл жерден көліктердің өтуіне шектеу қойылады. Тек арнайы көліктердің өтуіне рұқсат етіледі. Ауыл тұрғындары теміржол өткелін жауып тастауды сұрап отыр.

Жұмабай Абылаев, Қошмамбет ауылының тұрғыны:

- Сұрақтарды қойдық, «жабылады» деген хабарды айтты. Жабылса барлығы осы жермен жүріп, жол-көлік оқиғасы болмайды деген үміттеміз.

Сол апаттан кейін әкімдік Шамалған станциясынан айналма жол түсетінін мәлімдеген болатын. Құрылыс 2021 жылы бітуі керек еді. «Оның осы уақытқа дейін созылуының бірнеше себебі бар», - дейді осы салаға жауаптылар. Бұл аумақта елді мекен көп. Халық тығыз орналасқан. Осыған байланысты 40-қа жуық тұрғын үй мен жер учаскесі сатып алынды. Оған қоса, орман қорынан да жер шығаруға тура келген. Жобалау кезінде бірнеше нұсқа болды. Соның ішінде жол қауіпсіздігі талаптарына сай келгеніне таңдау түскен.

Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:

- Біздің нормалар бойынша теміржол мен автомобиль жолы бір деңгейде қиылысуға рұқсат етілмейді. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі салынып жобаланған жолдар еді, қазіргі нормалар бойынша жаңадан салынатын жол өткелдері екі деңгейде болуы керек. Ол дегеніміз, жолда кептелістің болмауына және де жол көлік оқиғалары соның ішінде автомобиль мен теміржол көлігімен болатын көлік апаттарын 100% болғызбауға әсерін тигізеді.

Айналма жолдың ұзындығы –  6 шақырым. 4 жолақты. Тәулігіне 17 мың көлікті өткізе алады. Құрылысын жүргізген отандық компания. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің бір бөлігі саналатын жаңа жол транзиттік әлеуетті де арттырады.

Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰК басқарма төрағасы:

- Бұл тек қана аудандық, облыстық маңызы бар емес, халықаралық маңызы бар деп есептеуге болады. Өйткені бұл айналма жолды 30 жылдан астам ел күтті. Себебі Алматыдан, Қарағандыдан келгенде теміржолдан өту қиын болды, кептеліс көп болды. Осылар толық шешіліп жатыр.

Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 12 мың шақырым жолда бір мезгілде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов