Уақыт белдеуі мәселесі Мәжілістің жалпы отырысында талқыланады
Уақыт белдеуін қайта қарау мәселесі Мәжілістің жалпы отырысында талқыланады, деп хабарлайды 24kz.
Осындай ұсыныс көтерген «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары бұл сайлаушылардың талап-тілегі екенін жеткізді. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындары уақыт форматына қатысты сауалды қайта-қайта жолдап жүр.
«Мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне кері әсер етеді», - деді фракция мүшелері. Жиын барысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов халық қалаулыларының өңірлерге сапары кезінде жиналған барлық арыз-шағымдар жүйеленіп, Үкіметке жолданатынын атап өтті.
Лұқбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгін халықтың арасында ең өзекті мәселе осы уақыт болып тұр. Бұл тек қана Шығыс Қазақстан емес, Абай өңірі, Павлодар, Жетісу тағы басқа өңірлерде күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы мәселені уақыт қайтаруды немесе қиын болып жатса, қысқы, жазғы уақыт дегенді келтіруіміз керек деп ойлаймын.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Еліміздің шығыс, солтүстік өңірлері үшін 1 сағаттық кейінге шегерудің тиімсіз екенін халық айтып отыр. Бұл мәселеге қатысты халық талабын біз міндетті түрде қарастырумыз қажет. Сондықтан бұл түйіткілді мәселені алдағы Мәжілістің пленарлық отырыстың бірінде қарағанымыз дұрыс. Ол жиынға біз ғалымдарды, Үкімет мүшелерін, жергілікті елді мекен тұрғындарының өкілін, сарапшыларды шақыруымыз керек. Солардың қатысуымен уақыт белдеуін өзгеруін жан-жақты талқылауымыз керек. Үкіметке нақты ұсыныс бергеніміз дұрыс.