«Мерейлі отбасы»: Астанада 20 үлгілі әулет қошеметке бөленді

Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды 24kz.

Сан салада табысты еңбек етіп, қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген 20 үлгілі әулет қошеметке бөленді. Отбасы институтын дамытуға бағытталған дәстүрлі жоба елдегі бірегей бастамаға айналып, аясы кеңейіп келеді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- 826 жыл! Алматылық Қапышевтер әулетінің теміржол саласындағы еңбек өтілі осынша мерзімді қамтиды. Отбасыда барлығы 26 теміржолшы бар. «Техникалық мамандыққа деген қызығушылық пен еңбексүйгіштік бәріміздің кәсіби мансабымызды тоғыстырды», - дейді отағасы.

Мұрат Қапышев, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы:

- Біреуге көп, біреуге аз шығар. Біздің мынау артымыздан өсіп келе жатқан немерелеріміз де теміржолшы боламыз деп отыр. Бұлардың бәрін қоссақ, 800 жыл емес, мың жылдан асып кетеді ғой деп ойлаймыз.

Ұлттық байқау жеңімпазы атанған отбасылардың қай-қайсы да құрметке лайық. Олар атадан қалған мұралар мен төл болмысты сақтап, кейінгі ұрпақты да ғылым-білімге, мәдениетке, адал еңбекке баулып келеді. Салтанатты шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Жоғарғы палата спикері отбасы құндылықтарын дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Дана халқымызда «Отан отбасыдан басталады» деген керемет сөз бар. Расымен, әр отбасы елдіктің тірегі және береке-бірліктің бастауы. Сондықтан Президентіміз Қ.Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы жуырда Жолдауда осы мәселелерге тағы назар аударды. Президент онда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады.

Биыл сайысқа 3 369 өтініш түскен. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда қатысушылар биыл көп. Бұл байқауға халық тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқандығын көрсетеді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Отбасы мерекесі құтты болсын. Мен үшін өздеріңізді осындай шуақты, мерейлі күндерде сіздермен жүздесіп, сіздерге құрметімізді көрсетіп, сіздерге деген жылы ниетіміз бен лебізімізді білдіру үлкен мәртебе. Өйткені Қазақстанның әр отбасы – еліміздің тірегі, еліміздің жүрегі, еліміздің тұрақты дамуының негізі. Барлығыңыз осы елімізге күнделікті еңбектеріңізбен осы елдің дамуына, гүлденуіне үлкен еңбек жасап жүрсіздір.

Жеңімпаз атанған әрбір отбасыға құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақы табысталды. Сахнада эстрада әншілері өнер көрсетіп, мерекелік шараның ажарын айшықтай түсті. Отбасылық құндылықты, ондағы береке мен бірлікті насихаттаған ұлттық жоба алдағы жылдары да жалғасын табады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов