Ырғыз ауданында тасқыннан зардап шеккен 51 отбасы баспаналы болды

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 51 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.

Олардың үйлері су тасқыны кезінде жарамсыз боп қалған. Қоныстойын тойлаған жұртшылықпен арна тілшісі Мансұр Есқожин кездесті. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Тосыннан келген тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Көктемде ауданда төтенше жағдай жарияланғалы көпшілігі жалдамалы пәтер мен ағайын-туыстың үйін жағалап келді.

Зәмзәгүл Мусина, Ырғыз ауылының тұрғыны:

- Енді қиыншылықтың артында бір қуаныш бар дейді ғой, жақсылығы болады дейді. Мен өте қатты қуаныштымын. Халқыма, мына билік басшысына, қол ұшын беріп жатқан кісілерге, бәріне, азаматтарға алғысым шексіз.

Ырғызда су тасқынынан зардап шеккендер үшін 120 үй тұрғызылады деген шешім қабылданған. Жартысына жуығы аудан орталығында салынса, қалғаны Сарыоба, Мамыр ауылында бой көтерді. Сонымен қатар 41 отбасы нарықтағы дайын үйлерді сатып алуды жөн көрген. 

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі:

- Қыркүйектің 20-ына дейін, Алла қаласа, бітіруіміз керек. Қабырғалары көтеріліп, төбелері жабылып, 9-ы күніне 25 үйді дайындап тұрмыз. Қазір тек ішкі жұмыстары ғана қалды. Одан бөлек, жеке инвестордың көмегімен қазір бізде Нұра селолық округінде жаңадан 60 орындық мектеп, 50 орындық балабақшасымен қосылып, бір спортзалымен қосылып салынып жатыр

Көктемде облыс бойынша 1013 үй тұруға жарамсыз боп қалды. 513 отбасы екінші деңгейлі нарықтағы баспананы қаласа, жаңадан 500 үй салынды. Қазір 363-сының  құрылысы аяқталып, кілті иелеріне табысталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев