Жамбыл облысында прокуратура 20 инвестордың құқығын қорғады
Жамбыл облысында қадағалаушы орган 20 инвестордың құқығын қорғады.
Прокурорлардың мәліметі бойынша, іскер азаматтар мен инвесторлар кәсіпкерлік ғимараттарға инфрақұрылым жүргізу және салық төлеу кезінде кедергіге тап болып жатады. Таяуда құқық қорғаушылар отандық ірі компанияға келетін екі млрд теңгедей шығынның алдын алған.
Бұл зауыт жылына 600 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Былтыр кәсіпорыннан бір млн тоннаға жуық фосфогипс шықты. Фосфор өнімінің қалдығын сақтағаны үшін компания мемлекетке салық төлейді. Соңғы рет мөлшері 4 млрд теңгеден асыпты. Салықтық төлемнің өсуіне 2022 жылы салық кодексіне енгізілген түзетулер түрткі болған. Зауыттың бас экологының айтуынша, қалдықтар екі санатқа бөлінеді.
Арман Қарағалиев, компанияның бас экологы:
- Қалдықтар қауіпті және қауіпсіз деп екі санатқа бөлінеді. Әрқайсына айлық-есептік көрсеткіш өлшемімен салықтық мөлшерлеме жазылады. Облыс мәслихаты осы мөлшерлемені екі есе көтеруге құқылы. Бірақ ол туралы шешім қабылдаған жоқ. Ол өз уақытында қабылданған кезде компания салық кодексінде көрсетілген базалық мөлшерлеме бойынша салық төлейтін еді.
Компания екі жылдан бері салықтық төлемдерін екі есе көп мөлшерде төлеп келген. Мамандар мемлекеттік кірістер департаментіне, құзырлы органдарға жүгінгенімен нәтиже болмапты.
Арман Қарағалиев, компанияның бас экологы:
- Компания салықтық төлемін 1 млрд 976 млн теңгеге артық төлеп келді. Биыл шілде айында облыс прокуратурасы «Ашық есік күні» шарасын өткізді. Сол кезде біз мәселемізді көтердік.
Қадағалаушы орган қызметкерлері инвестор өтінішіне құлақ асып, тексеру жүргізеді. «Прокурорлық қадағалау соңында Тараз қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді прокуратура өкілі Ұлан Қосанов.
Ұлан Қосанов, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
- Мемлекеттік кірістер басқармасы салықтық төлем түрінде артық төленген қаражатты қайтарудан заңсыз бас тартқан. Тексеруден соң артық сома инвестордың болашақ төлемдері болып қабылданды. Жалпы облыста осындай мәселеге кезіккен 45 кәсіпкерден өтінім келіп түсті. Инвестордардың эмиссия ретінде 3 млрдтан астам қаржыны артық төленгенін анықтадық.
Биыл прокурорлар кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауда 80 заңбұзушылықты анықтап, әртүрлі мемлекеттік мекемеде 32 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартқан. Инвесторлар салықтық төлемнен бөлек, инфрақұрылым жүргізу кезінде де әкімшілік кедергіге кезігіп жатады. Осының алдын алу мақсатында өңірде «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық фильтр» жобасы құрылған. Тізімде 70 ірілі-шағын кәсіпорын иелері бар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда