Қазақстан жолдарында электронды таразылар іске қосылды
Ауыр техника жүргізушілері бекітілген нормадан тыс жүк тасымалдаса, 3 миллион теңге айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Өйткені Қазақстанның күрежолдарында электронды таразылар іске қосылды. Бұрынғыдай тоқтатып емес, көліктерді қозғалыс кезінде өлшейтін құрылғының жетеуі Астананың айналасына, тағы алтауы Алматы аумағына және біреуі Қостанайдың кіреберісіне қойылды.
Қосшы елді мекенінен Астана қаласына кіретін жолға қойылған өлшеуіш құралы арқылы 1 қыркүйектен бері 90-нан астам заңбұзушылық анықталған. Ал жүк нормаларын бұзудың ең көп дерегі Қарағанды трассасында тіркеліп отыр. Ол жақта 300-ден астам жүргізушіге айыппұл салынды.
Асфальт жабынды астына жасырылған цифрлы өлшеуіш жүргізушіге тіпті байқалмайды. Жүк көлігі өтіп кеткесін «ақылды» таразы артық салмақты дерекқорға дереу жеткізеді. Арпа ішінен жалғыз бидайды жазбай танитын «Сергек» жүйесі іспеттес тәртіп бұзған ауыр техника тізгіншісін көп ұзамай айыппұл «қуып» жетеді.
Дінмұхаммед Қасенов, көліктегі цифрландыру басқармасының басшысы:
- Айыппұл көлемі жүктің салмағына байланысты. 1-5 тоннаға дейін. 5-10 тоннаға басқаша. 10 тоннадан жоғары болса, айыппұл да жоғарылай береді. 3 осьті автокөліктерге 25 тоннаға дейін; 4 осьтіге 32 тонна, 5 осьтіге 44 тонна. Солай жоғарылайды. Айта кетерлігі, 1 ось 8 тоннадан аспау керек.
Бір ғана Астананың айналасында 29 ашық карьер бар екен. Сол жерден құм-топырақ таситын 6300-дей жүк көлігі күн сайын Астанаға кіріп-шығады. Шамадан тыс жүк тиеп, тегіс жолды құртатын да солар. Көлік министрлігі көше жабындысын сақтау мақсатында цифрлы таразы санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Алтай Әлі, ҚР Көлік министрлігінің комитет төрағасы:
- Президенттің айтқан тапсырмасында цифрландыруға, жасанды интеллектіге көп маңыз беріп жатыр. Бұл жерде біздің комитетке қатысты жасап жатқан дүниеміз басқа облыстарда жалғасын табады. Республика бойынша 220 осындай таразы орнатсақ деп жатырмыз. Келешекте жолдың мезгілсіз ерте бұзылуына жол бермеу үшін қосымша инструмент ретінде қолдансақ деп отырмыз.
2025 жылдың аяғына дейін республикалық маңызы бар трассаларға 70 және жергілікті қаларалық бағыттарға 150 «Smart» бекет орнатылады. Көлік министрлігінің өкілдері: «Сол кезде елішілік күретамыр жолдар «артық» салмақтан арылады», – деп отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Абдулхамит Бөлекбаев.