ШҚО-дағы туристік нысандарға ұшақ қатынайтын күн алыс емес

Шығыс Қазақстан облысындағы туристік нысандарға ұшақ қатынайтын күн алыс емес.

Ол үшін Қарағайлы ауданы мен Зайсан қаласындағы әуежайларды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Туристік инфрақұрылымды ретке келсе, Алматы, Астана мен басқа да өңірлерден келген қонақтар бірнеше сағат ішінде Алтай тауларындағы ұлттық саябаққа және Зайсан көліне жете алады.

Былтыр елдің көрікті жерлерін көру үшін 9 миллионнан астам шетелдік турист келген. Бюджетке 450 миллиард теңгеге жуық қаржы түсті. Логистика мен инфрақұрылым жақсарса, бұдан да көп пайда табуға болатынын сала мамандары растап отыр.

Ардақ Мәдиев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Былтыр ШҚО-ға 370 мыңнан астам турист келді. Алдағы уақытта туристер ағынын 2-3 есеге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жету үшін тиісті талапқа сай әуежайлар керек.   

Металлург Сергей Панасюк Катонқарағай мен Зайсанда әуежай салынатыны туралы Президент Жолдауынан білген. «Шығыстың тамаша табиғаты әлемдік туризмнің орталығына айналуы ғажап емес», – дейді жергілікті тұрғын.

Сергей Панасюк, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Шығыс Қазақстанда туризм дамып келе жатыр. Шетелден келіп демалатындардың қатары көбейген. Өйткені біздің табиғатымызға қарап, екінші Швейцария дейтіндер бар.

Саланы серпілту үшін атқарылатын шаруа аз емес. Бірінші кезекте демалыс орындарына баратын жол мен әуе қатынасын реттеу керек. Бүгінде Қатонқарағайдағы бұрынғы әуеайлағын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, Зайсан ауданында жаңадан 3 әуежай салынуы мүмкін.

Нұржан Жұмаділов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Біз Тарбағатай мен Зайсан ауданы арасындағы Салтай ауылында жаңа әуежай салуды қарастырып жатырмыз. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда бұл әуежайды Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл ауданы пайдалана алады.

«Зайсандағы жаңа әуежайға жұмсалатын қомақты қаржы сауда аэрохабын құрғаннан кейін еселеп қайтады», – деп болжайды мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.