Үш жылда 1 300 мектеп демеушілер есебінен жаңартылады
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс шаралар жоспарының жобасы Үкімет отырысында қаралды.
Тапсырмаларды орындау мақсатында қаржыландыруды реформалау мәселелерін қоса алғанда, білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралар көзделген. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін, «Әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім беру гранттарын саралау және тағы басқа мәселелер қаралды. «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың сараланған тәсілінің моделіне ерекше назар аударылды. «Алдағы 3 жыл ішінде еліміз бойынша 1 300 мектепті, оның ішінде демеушілік қаражат есебінен қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынған мектептер үшін жеке басқару жүйесі көзделетін болады. Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі – базалық мемлекеттік медициналық көмектің, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру есебінен Бірыңғай пакетін қалыптастыру. Медициналық деректерді бақылау және объективтілік мақсатында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе іске қосылады», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.