Елдегі республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай

Елімізде жол бойындағы қайғылы жағдайлар азаймай тұр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл жыл басынан бері елімізде 16 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан мың жарым адам қайтыс болған. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында арнайы тоқталып, бірқатар міндет жүктеді. Соған сәйкес, енді жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін тапсырды. Енді бұл мәселе қалай шешілмек?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Күрежолдардың қауіпсіздігі мәз емес. Соның салдарынан жол апаттары көбейген. Әсіресе, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Биылдың өзінде 20 мыңнан астам жан қара жолда қыршынынан қиылған. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елдегі республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай. Құзырлы ведомство инфрақұрылмы дұрыс тартылмаған жолдарда апаттық жағдай жиі болатынын анықтаған. Сонымен қатар жолдағы тәртіптің төмендігі де жығылғанға жұдырық болып тұр. Жүргізушілер тиісті ережелерді ескермей, оны жүйелі түрде өрескел бұзады екен. Қазірде 24 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйесі бар. Алайда бұның өзі тосқауыл болмай отыр.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Жалпы жол апаттарының 90%-і жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауда болады. Яғни, жылдамдықты асыра пайдалану, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жаяу жүргіншілер жолында жол бермеу деген сияқты заңсыздықтар көп.

Жалпы еліміздегі автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық жолдарға жатады. Көлік министрлігі жолдағы қауіпсіздікті мығымдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алғанын айтады. Күре жолдарды жөндеумен қатар, цифрлық шешімдер енгізе бастаған. Қазірдің өзінде «Астана мен Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» бағытындағы тасжолдар 4 жолақты болған. «Жолдың кей тұсына арнайы шамшырақ орнату жоспарда бар», - дейді ведмство өкілі.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Осы аптада Түркістан облысы Шақпақ баба  асуындағы 850 метрлік Қазақстандағы ең алғашқы туннел автомобиль тоннелі пайдалануға беріледі. Республикалық маңызы бар жолдар ауыл-аймақ, елді-мекеннің қасынан өтетін болса, онда ол жерлерде гобо проекторлар орнатылады. Гобо проектор жарық беріп тұрады. Төрт жолақты жолдар оларың кейбірінше шамшырақтар жоқ, сондықтан біз ол жерлерге арнайы шағылыстырғыш пластина орнатпақпыз.

Сондай-ақ жылдамдықты асырып, көзсіз жүйткитін жүргізушілерге жаза күшейтілмек. Тиісті заң жобасы Сенатқа енгізілді. Мас күйінде автокөлікті куәліксіз басқарса, 7 жылға дейін куәлік алуға тыйым салынады. Мопед тізгіндеушілерге де ескерту көп.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков