Шымкентте атом энергетикасының мүмкіндігі талқыланды
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері шымкенттік жастармен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабырғасында өткен жиында атом электр станциясының артықшылығы жөнінде әңгіме өрбіді. Бұл жоғарғы оқу орнының түлектері еңбек нарығында кең сұранысқа ие. Олар – электр энергетика, машина жасау, физика және химия саласының мамандары. Парламент Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастар мемлекет дамуының басты қозғаушы күші екенін атап өтті.
Халықтық штаб мүшелері зиялы қауым өкілдерімен де жүздесті. Атом энергетикасына қатысты барлық мәселе бойынша жұртшылықты кеңінен хабардар етудің маңызы және халық арасында ерекше беделге ие адамдардың бұл істегі ролі талқыланды. Штаб өкілдері сондай-ақ «Тассай» индустриялық аймағына барып, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар атом энергетикасының мүмкіндігі, жаңа өндіріс орындарын дамыту және лайықты еңбек жағдайын жасау жөнінде әңгімелесті.