Еңбек нарығындағы қазіргі ахуал қандай? Шолу
Жұмысшы мамандығын даярлауға қатысты кешенді өзгерістер жайында әңгімемізді жалғастырайық. Тақырып аясында шолу жасаған арна тілшісі Рухани Асқар студияға келіп отыр.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Сонымен, қазірдің өзінде кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары дедіңіз. Болашақта одан да арта түседі. Себебі, өндіріс те, өнеркәсіп те бір орында тұрмайды. Заман талабына сай мамандардан жаңа тәжірибе, жаңа кәсіби білім талап етіледі. Еңбек нарығындағы қазіргі ахуал, болжамдар қандай?
Рухани Асқар, тілші:
- Қайырлы кеш, Еңбек министрлігі ұсынған мына мәліметті айтып өтейін. Кейінгі 10 жылда елімізде жұмыспен қамтылған азаматтар арасындағы кәсіптік-техникалық білімі барлардың үлесі 1,5 есе артқан. Мысалы, осыдан 11 жыл бұрын еңбек нарығында кәсіптік-техникалық орта білімі барлардың үлесі 32% болған екен. Былтыр 49%-ке жеткен. Сонымен қатар жоғары білімі бар қызметкерлердің үлесі бүгінде 44%-тен асқан. Кейінгі он жылда бұл да 10%-ке артып отыр.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Ал осы жұмысшы мамандық иелері қай салаларда еңбек етіп жүр?
Рухани Асқар, тілші:
- Бұл туралы да Еңбек министрлігінің дерегі бар. Мына ЛЭД экранға көз салайық. Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлердің ең көп үлесі көлік және қоймалау саласында. Яғни 65%-і сонда еңбекке араласып жүр. 60%-і өнеркәсіп кәсіпорындарында, 56%-і сауда саласында жұмыспен қамтылған. Шамамен тағы осыншасы құрылыс саласында еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және өзге салаларда 50%-тен астамы жұмыспен қамтылған.
Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыспен қамтылған азаматтар:
Көлік және қоймалау – 65%
Өнеркәсіп – 60%
Сауда – 56%
Құрылыс – 55%
Ауыл шаруашылығы, т.б – 52%
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Нарыққа жұмысшы мамандықтары қажет деп айтып жатырмыз. Оларды даярлайтын негізгі ошақ – бұл колледждер екені белгілі. Қазір қанша студент оқып жатыр?
Рухани Асқар, тілші:
- Қазір республика бойынша 772 колледж бар. Онда 565 мың студент білім алып жатыр. 177 мың түлек биыл оқуға қабылданған. Ал, 91 мың шәкірт дуальды оқумен қамтылды. Биылдан бастап колледжде білім алуға мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін артты. Былтырға қарағанда 12 мың орынға көбейді. Осылайша, сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 90%-ке жетті. Қазір 518 кәсіпорын дуальды оқыту, шефтік қамқорлыққа беру секілді түрлі өзара ынтымақтастық құралдарын қолданып келеді.
Тағы бір маңызды жаңашылдық – колледждерді қаржыландыру жүйесі әртараптандырылады. Мемлекеттік тапсырыс бар. Оған кадрға мақсатты тапсырыс беретін жұмыс берушілердің қаржысы. Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының тауарлар мен қызметтер өндіру есебінен түсетін өз табыстарын қосуға болады. Сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаяды. Бұл шаралардың барлығынан қандай нәтиже күтеледі? Оқу-ағарту министрінің сөзінен үзінді келтірейік.
Елімізде 100 көшбасшы колледж құрылады
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту шаралары нәтижесінде, елімізде 100 көшбасшы колледждер құрылады. Жастарды техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 1,5 есеге ұлғаяды. Кәсіптік мамандар даярлауда біліктілікті халықаралық тану жүйесі қалыптасады. Колледждер креативті көшбасшылар мен еңбек нарығына икемді, білікті мамандарды дайындайтын ортаға айналатын болады.