Үкімет басшысы интернеттегі алаяқтықтың алдын алуды тапсырды

primeminister.kz

Азаматтардың дербес деректерін бөгде адамдарға қасақана бергендерді жауапқа тарту қажет.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселені арнайы пысықтауды тапсырды. Яғни, банк шоттары, карталар, жеке куәлік деректері және телефон нөмірлерін тарату қылмыс саналуы мүмкін. Бұл туралы интернет алаяқтыққа қарсы күрес шаралары, құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда талқыланды. Үкімет басшысының айтуынша, мұндай қылмыстардың көпшілігі шетелде жасалады. Жұртты алдап, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндер бұны кәсіпке айналдырып алған. Алайда оларды заңдағы олқылықтарға байланысты жазалау қиынға түсіп отыр.

Ал әккі айлакерлердің шабуылдау тәсілі күн санап түрлене түскен. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың мәліметінше, елімізде жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылды. «Киберпол» арнайы топтарының жүргізген тексеруінен кейін 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелген. Сонымен қатар комиссия отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі де сөз болды.