БҚО-дағы Тоғанас ауылында мәдени-спорт кешені ашылды

Енді 180 орындық көрермен залында аядай елді мекендегі мәдени шараларды өткізуге әрі жастардың спортпен алаңсыз айналысуына керемет мүмкіндік бар.

Әлеуметтік нысан «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша бой көтерді. Тоғанас ауылы – кезінде екпінді экономикасымен, қарқынды құрылысымен аты шыққан ауыл. Бірақ кеңшарлар тарап, жекешелендіру жүрген жылдары халық үдере көшіп, әлеуметтік нысандардың кейбірі жекеге өткен. Мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен біраз жыл мәдениет үйінсіз қалды. Осы олқылықтың орны енді толды. 180 орындық көрермен залында енді ауыл таланттарының танылуына керемет мүмкіндік бар. Мәдени-спорттық кешеннің ашылғанына тұрғындар дән риза.

Баян Құбаева, Тоғанас ауылының тұрғыны:

- Халық үшін игілікті іс деп есептеймін. Себебі әр ауданның, әр ауылдың өзінің белгілі бір мәдениеті болады. Сол саланы көтеретін үлкен орын деп қуаныштымыз. Халықтың атынан аудан, облыс әкіміне көп рақмет айтамын. Қолдау жасап, біздің ауылға үлкен мәдениет орнын жасақтап бергеніне рақмет. 

Тоғанас ауылында 40-қа жуық оқушы вокал, домбыра, би үйірмелеріне қатысады. 50-ге тарта жасөспірім дзюдо, жеңіл атлетикамен шұғылданады. Жаңа кешенде жастар өз қабілеттерін шыңдай алады. Құрылысқа қазынадан 343 млн теңге қаралды.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Бүгінгі күннің талабы – Мемлекет басшысының жүргізіп отырған қазір әр ауылға тиісті жағдай жасау, тиісті инфрақұрымдарды алып келу. Мектеп жоқ жерлерге мектеп салу немесе басқа денсаулық сақтау, мәдениет үйлерін салып беру мәселесін үнемі Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойып отыр. Сондықтан да ауылға жарқыратып Мәдениет үйінің салынғаны дұрыс болды.

Тоғыз жолдың торабындағы Сырым ауданы қарқынды дамып келеді. Өңір басшысының есептік кездесуінде атқарылған істер талқыланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов