Елдегі 5 блогерге әкімшілік жаза тағайындалды

Елде жыл басынан бері жалған ақпарат таратқан 49 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Мұндағы 5 жағдай блогерлерге тиесілі. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті хабарлады. Осыдан тура бір жыл бұрын Парламент қабылдаған «онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қазір қолданыста. Дегенмен оған бағынбайтындар саны азаймай тұр.

Ғаламтор желісінде жалған мәлімет көп. Көзі жетпеген ақпаратты таратуда азаматтар тіпті жарысып жатқандай. Әсіресе мыңдаған һәм миллиондаған оқырманы бар блогерлердің, сондай-ақ өздерін «онлайн ақпарат платформасы» деп танытқан ресурстардың жауапкершілігі басым. Былтыр бұған қатысты Парламент заң қабылдаған еді. Соған сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа бап енгізілді. Онда жалған ақпарат орналастырғаны және таратқаны үшін 20-дан, яғни 73 840 теңгеден бастап 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл және 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жауапкершілігі көзделген. 

Альбина Жарылғасынқызы, ҚР Бас прокуратурасы комитетінің өкілі:

- Ағымдағы жылы сегіз айда республика бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 456-2 бабымен 73 әкімшілік іс қаралып, оның 43-і сотпен және 30-ы уәкілетті органмен қарастырылды. Жалпы 49 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оның 48-і жеке тұлға және біреуі заңды тұлға болды. Аталған тұлғаларға қатысты 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Тіркелген істердің дені онлайн платформа пайдаланушылары жасаған. Ал нақты блогерлердің таратқан «фейктеріне» келсек, 5 азаматтың ісі қаралып, үш жағдай бойынша әкімшілік жаза тағайындалды. Оларға 243 мың 672 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы қолданыстағы «онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңы инфлюенсерлердің түрлі қаржы пирамидасы мен кибербуллинг секілді көздері жетпеген ақпаратты жарияламауын қамтиды.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір блогердің 10 мың оқырманы болса, демек 10 мың тиражы бар газет секілді қарастыру керек. Егер ол тиражына қисық дүние жазып жатса, мысалы, газеттер жазалана ма? Әрине, жазаланады! Онда блогерлерге неге ондай жаза қолданбасқа? Сондықтан мен ойлаймын, «бұл менің жеке парақшам» деген дүниені қою керек. Бұл жерде нақты 10 мың жазылым бар ма, демек 10 мыңдық газеттің не басқа да журналдың иесі сияқты сен де жауапкершілікті мойныңа алуың керек. Әңгіме қысқа бұл жерде.

Мәселен, Қызылорда облысының тумасы Назерке Сырлыбай қайырымдылықпен айналысады. Әлеуметтік желі арқылы көпшілікті игі іске шақырған бұрымдының қазір «инстаграм» желісінде 160 мыңнан астам оқырманы бар. «Дәрігерлік мамандығымнан бөлек, блогерлікті 2015 жылы бастадым. Оқырман алдындағы жауапкершілікті ұғамын», – дейді ол.

Назерке Сырлыбай, блогер:

- Менің әлеуметтік желімде 167 мың оқырман бар және әр оқырман алдында жауапкершілікті сезінемін. Түрлі дүкендер, кәсіпкерлер өздерінің өнімін ұсыну мақсатында жарнама жасауымды өтінеді. Барлық затты өзім алып көрмейінше, өзім тұтынбайынша, жарнама жасамаймын. Себебі айта кеткендей, оқырман алдында жауапкершілікті сезінемін. Жалпы әлеуметтік-танымдық ақпаратпен бөліскен кезде рас нәрсені айтқым келеді. Негізі блогер болу оңай емес.

Ақпарат жылдам алмасқан заманда азаматтар расында кімге және қай жаңалыққа сенерін білмей жатады. Бұл тұста құзырлы орган өкілдері жалған мағлұмат берушілердің арбауына түспей, тек ресми дерек көздеріне сүйенуге шақырады.

Авторы: Альмира Оразбай