Жезқазғанда 2 шағынауданға газ құбыры тартылды
Жезқазғанды газдандыру жобасының 2-ші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
Қалаға жалпы ұзындығы 60 шақырымнан астам газ тарату құбыры жүргізілді. Қазір тұрғындар үй іргесіне келген көгілдір отынды ішке кіргізіп алу қамына кіріскен. Аталған аудандарда 1700-ден астам жеке үй мен бірнеше әлеуметтік нысан бар.
Жезқазғанның Батыс ауданын жылытуға жылу электр орталығының шамасы жетпейді. Сондықтан мұндағы тұрғындар алты ай қыста көмір жағатын. Елдің алды болып үйіне газ құбырын жүргізіп алған Ержан Жұмакешов: «Енді бұл бейнеттен құтылатын болдық», – дейді.
Ержан Жұмакешов, қала тұрғыны:
- Бұрын пеш жағатын едік. 10-15 тонна көмір алып. Қандай аяз болады, соған қарап. Биыл енді газ өткізіп, күтіп отырмыз. Құдай қаласа, газ берсе, жақсы болар еді. Жұрттың бәрі мақтайды ғой газды. Көзіміз біраз ашылады.
Қаланы газдандыру жобасы жалпы 3 кезеңді қамтиды. Осыған дейін Талап, Қабанбай ауылдары, Бөгенбай, Қостанкелді, Бекболат шағынаудандары көгілдір отынға қосылды. Ал екінші кезең аясында 91-94 орам мен Батыс аудандағы 1711 үйдің есігінің алдына дейін газ құбыры тартылды. Оны ішке кіргізіп алу – меншік иелерінің міндеті. Бұл жұмыстарға 10 шақты мердігер компания тартылған.
Берік Әбен, қала әкімінің орынбасары:
- Тұрғындар тарапынан газға қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газды құбырларға 1 қазанға дейін беру жоспарда бар. Бұл аудандар қаланың сыртқы жағында орналасқандықтан, жылу орталығы беретін жылу мөлшері оларға жеткіліксіз болатын. Осы газ құбырын тарту осы үлкен мәселемізді шешеді деген сенімдеміз.
Жобаның 3-ші кезеңі келер жылы жүзеге асады. 2026 жылға дейін тек Жезқазған қаласы бойынша 5 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылады. Одан әрі облыстың өзге аудан-ауылдарында жалғасады. 2030 жылға дейін Сәтбаев, Қаражал қалалары және Жәйрем кенті мен Жаңаарқа ауданы тұрғындары кезең-кезеңімен газбен қамтылады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.