Жаңа су кодексінің жобасы Мәжілісте қаралады

Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді.

Бұл құжатта су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қолданысқа енгізу мәселелері қамтылған.

Кодекс жобасына су тасқыны мен құрғақшылықты алдын ала болжау бойынша толықтырулар енгізілді. Табиғи апаттардан келетін залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар қолға алынуға тиіс. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына да өзгерістер енеді. Бастысы су үнемдеу технологияларын барынша қамту. Технологияларды енгізу деңгейіне қарай субсидия беру, тарифті төмендету механизмдері де қарастырылады. Сондай-ақ суармалы алқаптарға арналған су тарифін дақылдар түріне қарай есептеу мәселесі де бар. Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту көзделген.