Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа толды
Бүгін тәуелсіз еліміздің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевтың туған күні. Генерал-полковник 85 жасқа толады.
Сәт Бесімбайұлы Ұлттық қауіпсіздік комитетін, Қорғаныс министрлігін басқарды. Депутат болды. Қиын-қыстау уақытта жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ. Сәт Бесімбайұлымен өтетін кездесулерге курсанттар қалмай келеді. Болашақ офицерлерге «Халық қаһарманының» еңбек жолы әрдайым қызық.
Сәт Тоқпақбаев 1993-1995 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Алыс-жақын көршілермен қауіпсіздік саласында жаңадан қарым-қатынас орнатуға тура келді. Мемлекеттің қорғанысын нығайту жолында аянбай еңбек етті.
Сәт Тоқпақбаев, Халық қаһарманы:
- Халықтың ризашалығы одан биік, жоғары, ешқандай баға жоқ. Жаңағы курсанттарды қарап отырмын, менде сондай болғанмын. Ауылдың баласымын. Сөйтіп біртіндеп еңбек етіп, өсіп, сөйтіп бүгін үлкен атаққа, үлкен биікке жетіп отырмын.
Сәт Бесімбайұлының тәрбиесін көріп, тәлімін алғандар көп. Солардың қатарынан қауіпсіздік пен құқық қорғау саласының басшылары, кәсіби офицерлер мен нағыз қайраткерлер шықты. «Ол адамгершілік қасиетімен ұстаз бола білді», - дейді шәкірттері.
Әділ Шаяхметов, ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы:
- Ол кезде әскери гарнизондарда электр энергия сөнетін, су мәселесі, жылу мәселесі, әлеуметтік мәселелер өте қиын жағдайда болған. Әскери қызметкерлер өздерінің жалақыларын уақытында алмаған кез болды. Көп үйлер салғызды, сонымен әскери мекемелердің қызметкерлеріне сондай өзінің үлкен көмегін көрсетіп, сондай жақсы жолға салды.
Сәт Бесімбайұлының басшылығымен жасалған ҰҚК жұмыстарын ұйымдастыруға қажетті арнаулы құжаттардың көбісі әлі күнге дейін қолданыста. Оның шешімімен ҰҚК-нің академиясы құрылып, еліміздің белді оқу орнына айналды. Жары Сәуле Досжан халықтың генерал Тоқпақбаевқа деген ықыласы ерекше екенін айтады.
Сәуле Досжан, жазушы, Сәт Тоқпақбаевтың зайыбы:
- Мені кездесулерге шақырады оқырмандар, ағаң бірге барады кейде. Мені ұмытып қалады барлығы деп. Бәрі Сәт ағаңды қаумалап алып, сонымен суретке түсіп, у-шу болады да, менің кітабымның таныстырылымы жайында қалады.
Сәт Тоқпақбаев, Халық қаһарманы:
- Әскери жұмыс ол ерекше жұмыс. Отанын және халықты өзінің анасындай, әкесіндей, жақын туысындай қадірлеп, қастерлеу керек жастар. Сонда біздің отанымыз да, еліміз де мықты болады.
Халық қаһарманы ешқашан болдым, толдым деген емес. Әлі күнге дейін спортпен айналысып, ұрпағына үлгі болып келеді. Болашақ офицерлермен жиі кездесу өткізіп, ізін қуған жігіттерге әскери өнердің қыр-сырын үйретіп жүр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев