Элеваторлардың астық қабылдауға дайындығы пысықталды

Өңірлерде астық кептіру орындарын қолжетімді бағада сұйытылған газбен қамтуда кедергі болмайды, деп хабарлайды 24kz.

Қазір барлық алты аймаққа отын жеткізіліп жатыр. Энергетика министрлігі 5,5 мың тонна отын бөлген болса, қалған 14 мың тоннасы өндірушілерден сатып алынады. Шаруалар үшін отын бағасын арзандату мемлекет есебінен жүргізіледі. Астықты аймақтардағы кептіру орындарына 209 мың тоннадан астам дизель отыны кестеге сай жеткізілді. Вице-премьер Серік Жұманғарин күзгі дала жұмыстары жөніндегі Жедел штабтың отырысын өткізді. Жиын барысында элеваторлардың астық қабылдауға дайындығы пысықталды. Бүгінге дейін 7500 гектарға жуық алқапқа орақ түсті. Бұл – жалпы көлемнің 44%-і. Әр гектардан орта есеппен 14,6 центнерден өнім алынуда. 11 млн тонна астық бастырылды. Отырыс соңында Серік Жұманғарин жиын-терім науқанында тарифтердің көтерілуіне жол бермеуді тапсырды.

Айта кетерлігі, қыркүйек айынан бастап еліміз Орталық Азия елдеріне 132 мың тонна астық жөнелтті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Ай соңына дейін 250 мың тонна астықты экспортқа шығару көзделіп отыр.