Жылыой ауданында 12 жұмысшы мамандығы бойынша 130 кадр дайындалады
Білікті кадрлар тек ЖОО ғана емес, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында да дайындалуы керек. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2025 жылдың жұмысшы мамандықтары жылы болатынын айтқан еді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір еңбек адамының абырой-беделін көтеру маңызды. Мамандығына махаббатпен қарайтын жұмысшылар жастарға қашан да үлгі. Атырау облысының Жылыой ауданындағы мұнай және газ техникалық колледжі 12 мамандық бойынша жылына 130-дай маман әзірлейді. Елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандармен арна тілшісі тілдесіп қайтты.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Фархат Табылдиев – Жылыой ауданының тұрғындарын жарықпен қамтуға еңбегі сіңген жұмысшы. 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман қазір өзінен кейінгі жастарға үлгі көрсетіп, білгенін үйретеді. «Ширек ғасырға жуық осы салада жүруім – мамандығыма деген махаббат деп білемін», дейді тәжірибелі электромонтер. Қазір қондырғылардың да жаңарып жатқанын айтады.
Фархат Табылдиев, электромонтер:
- Осы жерде 24 жыл жұмыс істеп жатырмын. Бұрынғыдан қазір жақсы ғой, едәуір жақсы. Мына ТП-ларды ауыстырдық. Қазір жаңалап жатыр жайлап-жайлап. Сымның орнына сип деген кабель келіп жатыр. Соларды ауыстырып жатырмыз. Жастар жетеді. Қасымда да балалар бар, жасап жатыр. Үйретесің ғой, қасында жүресің. Негізі осыларды қарап жүресің. Қате кетіп қалмауы керек, тоқ ойыншық шаруа емес қой.
Фархат Табылдиев секілді білікті маман боламын деген жастар да бар. Жылыой ауданындағы мұнай және газ техникалық колледжінің студенті Дәулет Есімжан екі жылдан кейін электрик мамандығын алып шығады. Көрсем, білсем деген ынтасы оның осы салаға қызығушылығын оятқан.
Дәулет Есімжан, студент
- Жалпы енді өз басым осыған қызықтым. Қалай олар жұмыс жасап тұр, неге олай, қалай жанады, маған іші қызық болды. Өзім де сол мамандық иесі болғым келді, шынын айтсам. Үйде электрик бар. Әкем тоқ жөндейді.
Колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алып жатқан Назым Қалиева ағасының жолын қуып келеді. Дәмді ас әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп, білікті аспаз болсам деген арманы да бар.
Назым Қалиева, студент:
- Мен мектепте оқып жүргенде ағам осы колледжде білім алған болатын. Және осында білім алғанның арқасында ол көптеген жарыстарға қатысатын. Ағама қарап мен де қызықтым. Қазір ағам Астанада шеф-повор болып жұмыс жасайды. Мен де бойжеткенде ағамнан үлгі аламын.
Жұмысшы мамандарды әзірлейтін Жылыой ауданындағы мұнай және газ техникалық колледжінде қазір 400-ден аса студент 12 мамандық бойынша білім алып жатыр. «Студенттер өңірдегі ірі кәсіпорындарда тәжірибе жинақтап, білімдерін шыңдайды. Кейін сапалы маман атанады», - дейді колледж директоры Марат Ибраев.
Марат Ибраев, С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры:
- Мұнай және газ операторы, мұнай-газ қызметтерінің бұрғылаушысы, электрик, кипавтоматика, автокөлік жөндеу слесарі, аспаз, кондитер және құбырларды жөндеуші мамандығы, сондай мамандық бойынша білім берудеміз. Жылына 130-дай студентіміз осы колледжді бітіреді. 75-80%-ін жұмысқа орналастырамыз.
Жылыой мұнай және газ техникалық колледжі былтыр «Жас маман» республикалық жобасынан жүлделі болып, 320 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алған. Дәнекерлеу, мұнай және газ операторы, технологиялық құбырларды жөндеу және автослесарь мамандықтарының базасы жаңа әрі заманауи құрылғылармен толыққан.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов