Абай облысында мектеп асханаларын жаппай тексеріп жатыр

Абай облысында арнайы сараптамалық топ мектеп асханаларын тексеріп жатыр.

Бүгінге дейін сексенге жуық білім ордасына мониторинг жасады. Мамандар әзірге заңбұзушылық анықталмағанын айтады.

Салалық комиссия құрамында санитарлық-бақылау басқармасының өкілдері, депутаттар мен ата-аналар бар.

Абай облысында 300-ден астам мектеп бар. Бүгінде оның 79-ы тексерілді. Кәсіби мамандардан құрылған комиссия өкілдері оқушыларға берілетін тағамдардың қалай жасалатынын, қайда сақталатынын көріп, асханалардың тазалығын  тексерді.

Съезбек Ахметов, мониторинг тобының мүшесі:
- Столдардың қалай орналасуы, мына жақта тамақ жасайтын жерде қалай жасап жатыр. Қандай тазалықпен жасап жатыр, қандай нормативпен жасап жатыр. Соның бәрін аралап, міне көріп шықтық. Оның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өнімдері тоңазытқышта дұрыс сақталған.

Өңірдегі 275 мектепте ас дайындайтын блог пен тамақтану орындары бар. Ал 23 шағын жинақты мектепте асхана қарастырылмаған. Оқушыларға сырттан дайын тамақ жеткізіледі. Ата-аналар балаларға берілетін тағамдардың сапасын үнемі бақылап отырады.

Болат Серғазинов, Қамқоршылық кеңес төрағасы:
-
Ол балаларға арнайы мынау санитарлық нормаға сәйкес. Ең бірінші сол мәселелерді қадағалап қарап жатырмыз. Ең бастысы санитарлық нормаларға сәйкес болуы керек. Соған көп көңіл бөлеміз өзіміз.

Абай облысында оқушылар бірыңғай бекітілген ас мәзірі бойынша тамақтанады. Онда балалардың дамуына қажетті өнімдер қолданылады. Көбіне отандық өнімдерге басымдық беріледі. Заңнамалық нормалардың сақталуын өңірдегі 10 салалық сараптамалық топ қадағалайды.

Данара Жүнісова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- Абай облысының білім басқармасымен әрбір мектепке өзіміз құрастырған бірыңғай ас мәзірі таратылды. Бұл ас мәзірде жас ерекшеліктері және балалардың өсуіне байланысты тағамдар қарастырылған. Бұл жұмыс тоқтатылмайды, әр мектепте осындай тексеріс өтеді.

Биыл Абай облысында 54 мыңнан астам оқушы бір реттік тегін тамақпен қамтылған. Бұған бюджеттен 5 млрдтан артық қаржы бөлінді. Мамандардың сөзінше, соңғы үш жылда өңірдегі мектептерде тамақ сапасы жағынан бұзушылық анықталмаған.

Авторы: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов