Арқалықта жылу желісі жаңартылып жатыр
Арқалықта да жылу желісі жаңартылып жатыр.
Құбырларды ауыстыру жұмыстары былтыр басталған.
2 жыл ішінде ескі құбырлар қырық төрт пайызға жаңарды. Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызу. Жөндеу жұмыстары осы қарқыннан танбаса, 2025 жылы қаладағы жылу желілері түгел жаңартылады.
Арқалықтағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы - отыз жеті шақырым. Ескі құбырлар өткен жылдан бері жаңара бастады. Осы арқылы инженерлік желілердің тозу деңгейін азайту жоспарланған. Бүгінге дейін қаладағы жылу желілерінің жартысы ауыстырылды.
Өміржан Әбдібеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Біз қазір екінші кезек бойынша жылу желілерін жаңартып жатырмыз. Осылайша құбырлардың тозу деңгейін 41 пайызға төмендетеміз. Қазір дәл осындай тағы бір жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Егер жұмыс қарқыны осылай жүрсе, қаладағы жылу желілері түгел жаңарады.
Жаңа жылу желілері салынған соң судың сапасы жақсарады. Осы арқылы құбырлардың қызмет ету мерзімі ұзарады. Коммуналдық қызметкерлер механикалық сүзгілердің барлығын ауыстырғандарын айтады.
Людмила Утюганова, ЖЭО өндірістік зертханасының меңгерушісі:
- Суды тазарту жүйесі жақсарады. Осылайша құбырлар да ұзақ уақыт қызмет көрсететін болады. Қолданылатын материалдардың сапасы жоғары болғандықтан ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймыз.
ЖЭО үш жүзден астам көп қабатты үй мен жер үйлерге қызмет көрсетеді. Қазір жылыту қазандықтарына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр.
Инна Реймер, ЖЭО өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы:
- ЖЭО жағдайы жақсы. Тозған жерлері жоқ. Біз енді оны осы қалпында күтіп ұстауымыз керек. Көмір әкелу үшін келісімшарт жасалды. Бәрі кестеге сай жүргізіледі. Ешқандай мәселе туындамайды деп сенеміз.
Арқалық қаласында жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталады. Мердігер ұйым өкілдері құрылыс жұмыстарын жылыту маусымы басталмай тұрып аяқтаймыз деп отыр.
Рүстем Қайратұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг