АЭС: Маңғыстау облысында сенаторлар жұмысшылармен пікір алмасты
Сенатор Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысында еңбек ұжымдарымен кездесіп, АЭС жобасының тиімді тұстарын түсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнай өндіруші кәсіпорындарда болып, жұмысшылармен пікір алмасты. Ақтауда коммуналдық мекеме ұжымымен бас қосып, алдағы референдумда өз таңдауын жасауға шақырды. Депутат Алдашевтің айтуынша, Қазақстанда энергияға сұраныс артып келеді. «Жыл сайын шамамен 115 млрд киловатт сағат энергия жұмсалады десек, қазір шамамен 2 млрд сағат қуат жетіспейді. Оны көрші елдерден тасымалдаймыз. АЭС жобасы осы энергетикалық тәуелділіктен арылудың бір жолы», – деді ол.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Экономикасы дамыған мемлекеттердің барлығы бүгінгі таңда атом электр стансысын салуға көшіп жатыр. Оның бер жағында мына Түркия елі бірінші рет салып жатыр. Қасымыздағы Өзбекстан... Бауырларымыз олар да осындай шешім шығарып жатыр. Сондықтан да елдің болашағын ойлап, әрі қарай даму болашағы жолында біз Мемлекет басшысының айтқан тапсырмасымен бірігіп, халыққа сондай түсіндірме жұмыстарын жасауға деп келіп отырмыз.
Абдолла Сүйінбайұлы, коммуналдық кәсіпорын қызметкері:
- Оның құрылысы бізге болашақта қажет. Қазіргі таңда ресурстар азаюына байланысты өте маңызы бар деп ойлаймын. АЭС құрылысы болашақта бізге тұрақты энергия көзін береді. Осы орайда бәріңізді референдумға шақырамын.