Су тасқыны: Ақмола облысы және БҚО-да 1 қазанға дейін құрылыс жүреді

Елде көктемде болған су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 2576 үйдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Жұмыс Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бас-аяғы 4 айдың ішінде аяқталды. Ал, Ақмола және Батыс Қазақстан облысында бірінші қазанға дейін құрылыс жүреді.

Рухани Асқар, тілші:

- Батыс Қазақстан облысында 823 үй салынды. Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерде құрылыс жұмыстары қыркүйек айының басында аяқталды. Қалған 66 үй айдың соңына дейін салынып бітуге тиіс. Ақмола облысында 38 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қалған облыстарда тасқыннан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамту кестеге сай жүргізілді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Қостанай облысында 153 үй салынды. Бұл өңір елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтарды бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етті. Жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау кезінде оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің ландшафтын ескере отыра, 2680 жаңа үйдің құрылысы басталды. Бүгінгі күнге 2576 үйдің құрылысы аяқталды.

Мүлкіне залал келген кәсіп иелерінен 600-ден астам өтінім түсті. Шығындарды есептеу кезінде 10 млрд теңгеден астам төлем жасалған.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Айта кету керек, шағын және орта бизнестің шығындарын өтеу қағидаларының қолданылу мерзімі 2025 жылдың сәуіріне дейін ұзартылатын болады. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жойылған дақылдары мен өлген жануарларының иелеріне шығынды өтеу үшін шамамен 3,15 млрд теңге бөлінді. Жалғыз баспанасы апатты болып танылған тұрғын үй иелеріне көмек көрсету үшін Мемлекет басшысы оларға жаңа тұрғын үй беру туралы шешім қабылдады.

Апатпен күресуге қолдағы барлық ресурстар мен күштер жұмылдырылды. Бірінші рет 60-тан астам елді мекеннен 120 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Мыңдаған адам дүние-мүлкінен, бизнесі мен табыс көзінен айырылды. Еліміздің аграрлық секторы да зардап шекті.

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың, ірі бизнес өкілдері, белсенді азаматтар мен волонтёрлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Кейбір тұрғындар тарапынан өтемақы сомасына шығынды анықтау, баспана таңдау және жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтар туындады. Әр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен әр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылуда. Осы күнге дейін азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырамын.

Енді тиісті қорытынды шығарып, зардаптың алдын алу жайын айқындау маңызды. Табиғи апаттар мен катаклизмдерге қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру қажет.

Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев