Елордада майнингтік ферманың жұмысы тоқтатылды

Елордада заңсыз қызмет еткен майнингтік ферманың жұмысы тоқтатылды.

Ол бір айда бір шағынауданға жететін электр қуатын пайдаланған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері хабарлады. Күдіктілер қозғалтқыштарды өңдеу орталығының атын жамылып, 2022 жылдан бері жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде олар құны 143 миллион теңгеден асатын  цифрлық активтерді өндірген. Майнингтік фермаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, жыл басынан бері цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында жеті үкім шығарылды. Тәркіленген мүліктің құны миллиард теңгеден асты. Ал заң бойынша майнинг фермаларының қызметін лицензиялау керек және олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында ғана жұмыс істей алады.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станция тәркіленді. Бұдан басқа, олардың электр энергиясы үшін 25,3 млн теңге сомасына төлем жасамағаны анықталды. ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.