«Жезқазған – Қызылорда» жолын 4 мердігер компания жөндейді

«Қызылорда – Жезқазған» жолының Ұлытау облысына қарасты бөлігін жаңғыртуға дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Жоба құны – 108 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 208 шақырым жолды жөндеуге 4 халықаралық компания қатысады. Мердігер ұйымдар қазір жол бойында вахталық қалашықтар орнату, айналма жол салу секілді жұмыстарды бастап кетті.

«Қызылорда – Жезқазған» күрежолы – оңтүстік пен солтүстік өңірді жалғайтын ең төте жол. Осыдан 50 жыл бұрын салынған жол бүгінге дейін бірде-бір мәрте күрделі жөндеу көрмеген. Ұлытау облысына қарасты 208 шақырымның тең жарымында асфальт жамылғысы мүлде жоқ. Әсіресе жауынды күндері қиын.

Сауалнама:

- Машинаның «ходовкасы» кетеді, үнемі баллон кетеді. Машиналар сынып тұрады. Анау алдымызда бір машина сынып тұр. Жол жөнделсе, жақсы болар еді, жол қысқарар еді. Ұзақ екі орта.

- Қызылордамен екі ортада 200 шақырым жер. Аралық қой. Сол енді басталып жатыр. Көптен бері күткенбіз. Енді тезірек бітсе. Келер жылы ма, алдағы жылы ма. Бәрімізге жақсы болар еді.

- Бұл жолдың азабын елдің бәрі біледі. Талай жылдан бері ойылып жатқан жер. Жүргеннің өзі оңай емес. Машина да қирап бітеді. Адам да шаршайды. Лайым енді осы жақсы болып, ертерек бітсе деп отырмыз.

Жалпы қашықтығы 420 шақырымды құрайтын жолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігінде жөндеу 2 жыл бұрын басталған. Ал Ұлытауға тиесілі аумақты жөндеуге бүгінге дейін мердігер табылмады.

Жолды жаңғырту жобасы 2021 жылы қолға алынған. Басында бөлінген 90 млрд теңге аздық етіп жоба қайта түзетілді. 3 жыл ішінде үш мәрте өткен мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындысы биыл белгілі болды. Жалпы ұзындығы 208 шақырым жолды жөндеуге 4 мердігер компания қатысады.

Оның екеуі осыған дейін жолдың Қызылорда облысына тиесілі бөлігін жөндеген. Мердігерлер қазір жол бойында вахталық қалашықтар орнату, айналма жол салу секілді дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қыс мезгілінде жол құрылысына қажетті материалдар қорын жасақтап алмақ. Жаңғырту жұмыстары келер жылы күн жылығанда басталады.

Сұңғат Рақымжанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:

- Қыс бойы материалдар тасып, көктемде мердігерлер материалдың 50%-мен қамтылу керек. Ерте жұмыстарды бастап кету үшін. Жоба 2026 жылы біту керек. Бұл жоба өте маңызды. Облыстың экономикасының дамуына да оң әсерін әкеледі, сонымен қатар тарнзиттің дамуына да өз септігін береді.

Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде бұл жолмен тәулігіне 1 мыңнан астам көлік қатынайды. Жол құрылысы кезінде олардың іркіліссіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін айналма жолдарды сапалы жасау маңызды. Әзірге оның 30 шақырымы төселді. Жалпы құрылыс қарқын алғанда мұнда 1 мыңнан астам жұмыс күші тартылады. Жол бойында 5 көпір мен бірнеше демалыс орны салынады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.