Биыл оңтүстіктегі шаруалар судан таршылық көрген жоқ
Көрші мемлекеттермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптары биыл қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды 24kz.
Құрғақшылық туралы көптеген болжамдарға қарамастан 1 сәуірден бері шаруаларға 11 миллиард текше метр су берілді. Тіршілік нәрі көлемі бастапқыда келісілген көлемнен артық болуының арқасында Арал теңізіне шамамен екі миллиард текше метр су жіберілді. Қазір айдындағы су көлемі 22 миллиард текше метрге жетіп отыр. Алдағы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері Сырдария бойындағы 10 су бекетіне автоматты есепке алу жүйесін орнатады. Бұл трансшекаралық өзендегі тіршілік нәрін дәлме-дәл бөлуге мүмкіндік береді.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Елімізде 42 жаңа су қойма салу. Жалпы су жинау көлемі 2,6 млрд текше метрден асады. Одан бөлек, 37 су қоймасын қалпына келтіру. Ол да 2 млрд текше метр суды жинақтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру шарасы қаралған. Жалпы көлемі 14 жарым мыңнан астам шақырым. Жаңа су кодексін әзірледік. Жаңа кодекс қазіргі таңда Мәжіліс қарауында. Жылдың аяғына дейін қабылдауды жоспарға қойып отырмыз.
Мөлдір Әбдуалиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:
- Вегетацияға дайындық аясында біздің министрліктің қызметкерлері жүзден астам су бекетін жөндеп, қалпына келтірді, 700 шақырымнан астам каналды тазартты, мыңнан астам су құрылысы аттестаттаудан өтті. Сондай-ақ еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылыс жөнделді. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі жасалады және келесі жылғы суару маусымына дейінгі кезеңінде су беру көлемі бекітіледі.