Astana Media Week 2024: бүгін қандай тақырыптар талқыланды?
Отандық медиа кеңістікте 5 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, деп хабарлайды 24kz.
Олардың 200-ден астамы телеарна, 90 радио және қалғаны газет-журналдар мен интернет-басылымдар.
Кез келген ақпаратты жарияламас бұрын оның шынайылығына мән беру керек. Мұндағы жауапкершіліктің салмағы ауыр. Бұл туралы Astana Media Week шеңберінде «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы және Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев айтты. Модератор апталық аясында «Медианың реновациясы: Заң, қауіпсіздік және трансформация» сессиясын жүргізді.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- «Медианың реновациясы (жаңару): Заң, қауіпсіздік және трансформация» сессиясында спикерлер құқықтық ортадағы тың өзгерістерді талқылады. Жаңашылдықтың медиаға стратегиялық әсері және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тәуекелдер жөнінде әңгімелесті. Жасанды интеллект пен жаңа медианың ықпалдастығы, медиа-экожүйенің терең өзгерістері және медиаэтика тақырыптары қаузалды. Саланың болашағын анықтайтын негізгі трендтерге де болжам жасалды.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы, «Ұлттық медиа қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:
- Digital жалпы медиа-нарықтың 47%-ін құрап тұр. Телевизия саласы – 36%. Сыртқы жарнама бағыты – 13%, сонымен қатар радио мен басылым жалпы 5%-ті құрап тұр. Заң жүзінде саланы цифрландыру толық қамтылмағаны туралы да айтқым келеді. Қандай түрде, қандай бағытта дамып келе жатқанын талқылайтын болсақ, біріншіден, біз әрине, зерттеуден бастауымыз керек. Ресми статистикаға сенуіміз керек.
Медиа апталықты ашқан «Қазақстан әлемдік ақпараттық алаңда» атты сессиясында ұлттық бірегейлік идеясы айтылды. Халықаралық беделді нығайту арқылы әлемдік аренада еліміздің мәдени һәм ақпараттық контентін ілгерілету мүмкіндіктері сөз болды.
Бибігүл Құламан, Astana Media Week ұйымдастыру комитетінің мүшесі:
- Astana Media Week апталығының ашылуы контент-маркеттен басталды. Бұл контент-маркетте өңірлерден келген мықты телеарналар өз өнімдерін министрлік алдында тұсауын кесті. Соның ішінде атап өтетін болсақ, «Түркістан» телеарнасы, ТДК-42 телеарнасы, «Ирбис» және «Caspean News» телеарналары. Бұл арналар өңірлік болса да, республикалық телеарналармен бірге бір қатарда тұра алатын кәсіби жағынан бір деңгейде.
Astana Media Week-тің биылғы апталығында өңірлік БАҚ-тардың дамуына баса мән беріліп жатыр. Гүлсанат Қалмырзақызы Шымкенттегі «Оңтүстік» телеарнасында редактор болып қызмет етеді. Өмірінің едәуір бөлігін журналистикаға арнаған кәнігі маман облыстық телеарналарда қазір даму барын айтты. Мәселен, шымкенттік телеарнадан көрсетілетін «Өнерлі өлке» жобасында жылжымалы дала студиясы жұмыс істейді.
Гүлсанат Қалмырзақызы, Ońtústik телеарнасының редакторы:
- Дала студиясында «Оңтүстік» телеарнасы арқылы танылған өнер жұлдыздарын студияға шақырдық. Біздің алтын қорда сақталған телеөнімдерді көрсетіп: «естеріңізде ме, осылай біздің телеарна арқылы танылып едіңіздер» деп, ескі таспалардан үзінді жасап, өздерін көрген кезде таңқалды.
Басқа да панельдік сессияларда масс-медиа туралы заң, журналист мәртебесі сияқты тақырыптар талқыланды. Салалық журналистика да назардан тыс қалмайды. Атап айтсақ, медицина және спорт журналистикасына қатысты шеберлік сабақтары өткізіледі. Айтулы іс-шараға Норвегиядан, Португалиядан және ТМД елдерінен бірқатар сарапшы, тәжірибелі заңгерлер, медиа-сарапшылар қатысып жатыр.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Astana Media Week апталығының ертеңгі бағдарламасы бес бірдей сессияны қамтымақ. Олардың ішінде өңірлік БАҚ, подкаст, Big Data, яғни, үлкен даталарды талдау, медиа-мамандарды даярлау және балалар контенті тақырыптары бар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов