Өңірлер республикалық референдумға дайын

Ел өңірлері 6 қазанда өтетін республикалық референдумға дайын.

Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы мәлімдеді. Бүгін аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте Нұрлан Әбдіров жауаптылардың есебін тыңдады. Онда электоралды кезеңде заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі талқыланып, алдағы науқанның негізгі ерекшеліктері сөз болды. Сонымен қатар сайлау учаскелерінің дайындығы жөніндегі баяндамалар тыңдалды.

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

- Бірсыпыра өңірлерде көктемде су тасқынынан зардап көргендер бар. Учаскелер шайылып кетті. Бүлініп кетті. Тағы сондай. Бұның бәрін біз зерделеп қарап шықтық. Мен өзім де бардым. Атырау облысына, БҚО-да, Құлсары, Подстепный, тағы сондай қалалар мен селоларда болдым. Жөндеуден өтетіні өтті. Толық дайын. Жөнделуі созылып бара жатқанына біз басқа учаскелерді таптық.