Ақтөбенің туристік әлеуеті зор
Елге туристер ағылып жатыр. Көшпенділер ойыны кезінде Астанаға екі апта ішінде 600 мыңға таяу қонақ келгенін білеміз. Айтарымыз, мегаполистер ғана емес, өңірлердің де туристік әлеуеті артты, деп хабарлайды 24kz.
Ақтөбе облысына 120 мыңнан астам турист барған. Оның 7 мыңы шетелдік.
Бірақ бұл өңірде ішкі туризмнің дамуы байқалғанымен, шекара асып келетіндердің қатары сирек екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер: «бұл мәселені түбегейлі шешу үшін мемлекеттің қолдауы қажет» дейді.
Соңғы жылдары кәсіпкерлер өңірдегі табиғаты таңқалдырар жерлерді жалға алып, демалыс орындарын ұйымдастыруға асық. Оған пандемиядан кейінгі ішкі туризмнің күрт дамуы сеп болған. Мәселен Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасын биыл 3 мыңдай турист тамашалаған. Сұраныстың артқанын байқаған жергілікті шаруа киіз үй мен глэмпинг орнатып, келесі жылы туристік аймақта қонақүй салмақшы.
Мақсат Ысқақов, кәсіпкер:
- Орал мен Атырау, тіпті Ресейдің Орск, Новотроицк қалаларынан демалушылар келді. Автокөлікпен келіп, бірнеше күн қонады. Балық аулайды. Сондықтан демалыс орнын одан әрі көркейтуді көздейміз. Сарқырамаға электр жарығын жүргізіп, камералар орнатамыз. Агротуризмнің шығыны көп болғанымен, адамдарға демалуға жағдай жасау керек.
Қарғалы су қоймасы маңы да ауқымды демалыс орнына айналуы тиіс. Мұнда қазір құрастырмалы шағын үйлер пайда бола бастады. Туристік кешен салуды қолға алған кәсіпкер Азамат Душекенов балаларға арналған жазғы демалыс лагерін ашуды да көздеп отыр. Алайда, жоспарды жүзеге асыруға инженерлік желілердің жоқтығы қолбайлау болған.
Азамат Душекенов, кәсіпкер:
- Бұл жерді түркиялық кәсіпкерлерге көрсеттім. Олардың пайымынша, жоба 20 жылдан кейін ғана табыс әкеледі. Сондықтан инвестиция құюдан бас тартты. Менің ойымша, отандық туризмді туған жерін сүйетін патриоттар ғана дамытады. Мемлекеттің қолдауы да қажет. Біз жол мен көгілдір отын, ауызсу жүргізуге жоба әзірледік. Мемлекеттік сараптамадан да өтті. Қаржылай қолдау болса бірден жүзеге асыруға болады.
Өңірде туризмді дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен биыл демалыс орындарына инженерлік желі тартуға бюджеттен 320 млн теңге қарастырылған. Туристік аймақтарда салынатын нысан құрылысы шығындарының да 10%-і субсидияланады. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысы Алмас Салықбаев Қарғалы суқоймасы жағасындағы туристік кешенге де қолдау көрсетілгенін айтты.
Алмас Салықбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Бірінші кезеңге сәйкес электр қуаты тартылған болатын. Қазіргі таңда сол нысанға газдандыру, жол және су мәселесі қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда мына жобалық сметалық құжаттары дайын. Ең қазір қиын болып тұрғаны – ол жолдың мәселесі. Өйткені 3 шақырымға жуық жол бар. Енді жобаның құны әзірге пысықталып жатыр.
Ақтөбе облысында қазір тұрақты 6 туристік бағыт жасақталған. Қарғалы мен Мәртөк, Ойыл аудандарында агротуризм болса, тарихи ескерткіштерге бай Қобда өңірінде «Батырлар ізімен» бағдарламасы қонақтарды қабылдайды. Алайда, сала мамандары: «талайды тамсандырған Байғанин ауданындағы Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Аққұм-Сағыз барқындары сияқты орындарға жетудің өзі мұң» дейді. Бұл – аймақта туризмнің дамуын тежеп тұрған негізгі фактор.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов