Рекордтық көлемде өнім берген қант қызылшасын толық өңдей аламыз ба?

Қазақстанда биыл қант қызылшасы жылдағыдан көп шықты, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті тәтті түбірдің млн тоннадан астамы жиналады деген болжам бар. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Алайда, елдегі қант өңдеу зауыттары шикізатты толығымен өңдей ала ма?

Қант қызылшасының биылғы түсімі 1 млн 200 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұған арнайы бөлінетін субсидияның ұлғайғаны ықпал еткен. Яғни, осыған дейін тәтті түбір 13 мың 400 гектарға егілсе, енді алқаптардың ауданы 25 мың 200 гектарға дейін өсті. Өнімділік біршама артқанымен, қызылшаны өңдеуге елдегі қант өндірісінің қуаты жетпеуі мүмкін. Жуырда Сенат депутаты Сәкен Арубаев төрт зауыттың әрқайсысы тек 300 мың тоннасын өңдей алатынын алға тартқан еді.

Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінде Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының жабдықтары ескі, 450 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы дегенімен, іс жүзінде 300 мың тоннадан аспайды. Ал, Тараз қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ, ол бүгін тек қант құрағын өңдеумен айналысып қана отыр. Ақсу қант зауыты Жетісу облысынан жиналатын 560 мың тонна өнімді толық игеруге мүмкіндігі жете ме деген сұрақ тағы да бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде елде 64 мың тонна қызылша қабылданды. Әуел баста мол өнімге қуанған шаруалар енді «оның бәрін өткізе аламыз ба» деп уайымдап отыр.

Ерболат Саурықов, шаруа:

- Біздің қазір ауданға 400 тонна лимит берді. Ауданда 1500 га егілген. Оны 400 тонналап күніне зауыт қабылдаймыз дейді. Қалай ол бітетіні, ол жаңа жыл, қаңтар айына дейін кетіп қалайын деп тұр. Ал өткізу зауытқа сыймайды деген мәселе көктемде көтерілген еді.

Құзырлы ведомство өкілі болса, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. «Шаруалар қолындағы өнімін өткізу үшін әлден-ақ түрлі шара қарастырылып қойған», - дейді Шаймерден Ахметов.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары департаменті директорының орынбасары:

- Жалпы зауыттардың қуаттылығы тәулігіне 8,7 мың тонна. Ал жылына олар тек 100 күн ғана істейді. Қалыпты жағдайда 100 күн істейді. Бұл дегеніміз 870 мың тонна өңдейді жылына дегеніміз. Бірақ биылғы егіннің, қызылшаның көп болғанын ескеріп, жұмыс істеу уақытын 100 күн емес, 120 күнге ұзарту мәселесін қарастырып жатыр.

Осы ретте Жамбыл облысындағы қант зауыты жұмысын бір ай ерте бастап та кеткен. Тәулік бойы тоқтаусыз жұмысын қамту үшін өндіріс жабдықтары жаңартылды. Бұл мақсатта мемлекеттен 10 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие алыныпты.

Нұржан Қарғабаев, қант зауытының бас директоры:

- Биыл кішкене ертерек зауыт ашылып жатыр. Мына қызылша көбейіп кетті. Қуаттылығы тәулігіне 2 мың тонна, былтырғы көлем сол болды. Енді мына автоматтылық қосылып, кішкене көбейтейік деп жатырмыз.

Айта кетерлігі, бір зауыттың қызылшаны өңдеуге қуаттылығы жетпесе, оны басқа зауытқа көшіру қарастырылған. Немесе артылған шикізатты Қырғызстан нарығына өткізуге болады. Алайда бұл амалдардың қалай іске асатыны жиын-терім аяқталғанда белгілі болмақ. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мерей Бает, Елдар Байділдә, Марат Диханбаев