Елордада 14 мың белсенді қарт бар
Ұзақ өмір сүру мен әдемі қартаюдың сыры неде?
Қазір жастармен бірге қарттар да уақытын бір ауық спортқа, шығармашылық пен өнерге арнайды. Айталық, елордада сондай 14 мың қария бар.
Бұл қариялар зейнетке шыққан шақтан белсенді өмір сүрудің сырын тапқан. Барлығы бір орталыққа жиылып, түрлі үйірмелерге қатысады. Осылайша, бұрын білмеген жаңа қырларын танып жатыр.
Нәзипа Медетова, Астана қаласының тұрғыны:
- Келгенде мен теннис те ойнадым, ағылшынды да оқыдым, би биледім. Емдік ден шынықтыру бар бізде, оған да қатыстым. Айкүнеге қатысым. Массаж кабинеті бар, ол жерде де өзім волонтер боп бәріне көмектестім. Мереке күндері орталық парктерге шығамыз, сол жерде өнер көрсетеміз. Көшпенділерде біз айкүне көрсеттік.
Мұндағы қарттар бір мезгілде 3 бірдей үйірмеге қатыса алады. Соның бірі – «Айкүне» деп аталатын қазақша гимнастика. «Бұл спорт түрі – жас кезде елемей кеткен кем-кетікті түзеуге көмек», – дейді 60-тан асқан Гүлнар апай.
Гүлнар Шынасилова, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен 90 келі болғам келген кезде. Осы 2021 жылы. Қазір бойым 167, салмағым 67 болып тұр. Ең бірінші Айкүнеде бел омыртқаны түзеу, оны түзесе, барлық денсаулық орнына келеді екен. Тіпті бұрынғы жас кездегі орынға келеді екен. Кейбір апаларым менің бойымның өскеніне таңғалады. Ол бой өскенде емес, бел омыртқасы түзеледі.
Жаттығу залында 77 жастағы әже де жүр. Ұршықша иіріледі. Жаттыққанның арқасында бар-жоғы 2-ақ айда шпагатқа отырған.
Спорттан бөлек, белсенді қарттар миды дамытып, есте сақтау қабілетін арттыру үшін тоғызқұмалақ пен шахмат ойнайды, ағылшын үйренеді. Сонымен қатар шығармашылықпен де айналысады. Өнердің түр-түрін игере бастаған.
Мәдени Асатова, Астана қаласының тұрғыны:
- Бейнелеу өнерінің неше түрлі жанрларымен таныстық. Зейнеткерлік жасқа келгеннен кейін қолымыздан осындай бұйымдарды жасап, біріншіден, жанрларды үйренеміз, екіншіден, мына буындар, саусақ буындары жұмыс істейді, есте сақтау қабілеті жұмыс істейді және де ой өрісіміз кеңейеді. Өнерге деген көзқарасымыз өзгерді.
Елордада 14 мың қарт осылай белсенді өмір сүреді. Олардың ең үлкені 92 жаста. Барлығы тек позитивті ойлап, сергек қимылдауға тырысады. Себебі оның өмірді ұзартатынына сенеді.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мадияр Қындыбаев.