Баянауыл ұлттық паркі туристік маусымды қорытындылады

Биыл Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 160 мыңнан астам туристі қабылдады, деп хабарлайды 24kz.

Бір мезетте 5 мыңдай адамға қызмет көрсететін 54 демалыс үйі жұмыс істеді. Жасыбай көліне түсетін салмақты азайту үшін Сабындыкөл мен Торайғыр көлінің жағалауы абаттандырылып, бірнеше кәсіпкерлік нысан салынды. Келер жылы Баянауылдың кіре берісінде өлкетану мұражайы бар визиттік орталық ашу көзделіп отыр.

Туристік маусым ресми түрде жабылғанымен Баянауылға демалушылар әлі келіп жатыр. Ирина Геккель Мәскеу облысынан арнайы келіпті. Осыдан 30 жыл бұрын көрші мемлекетке қоныс аударған әйел қызына Қазақстанның сұлу табиғатын көрсетіп жүр. Олар бұлақтың суын ішіп, сирек кездесетін өсімдік түрлерімен танысты. Туристік бағыт бойынша табиғи ескерткіштерді аралады.

Ирина Геккель, турист:

- Мен Қазақстанда туып өстім. Бірақ дәл осындай кереметті көрмеппін. Қара қандыағаш, бұлақтар. Бүгін қызымды алып келдім. Келешекте немерелерімді әкеліп, осынау ғажайып мекенді көрсетсем дейдім. Алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын.

Баянауылдың қайталанбас табиғатын тамашалауға туристер жылдың төрт мезгілінде де келеді. Ал, қысқа қарай демалыс үйлерінің көбі жұмысын тоқтатады. Жаз мезгілінің өзінде электр қуатының тапшылығы айқын сезілген. Жарық жиі өшіп, кәсіпкерлер шығынға батқандарын айтады.

Кенжегүл Байғожина, кәсіпкер:

- Маусым басталған кезде жұмыс істей алмадық, енді дайындық кезі ғой. Сол кезде сондай қиындықтарды көрдік. Сосын енді жұмыс істеген кезде бізде көп дүкен ғой. Балмұздақ, мұздатқыштар еріп, қанша ақша. Сондай жарық жағы енді үлкен мәселе деп айтайын.

Ретсіз салынған кәсіпкерлік нысандар да Жасыбай демалыс аймағының көркін бұзып тұр. Көлге жақын салынған бірнеше дәмхана сот шешімімен бұзылатын болды. Ал, электр қуатының тапшылығын жоюға қатысты бірнеше талқылаулар өткен.

Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы:

- Бұл мәселе бізде бар. Қолданыстағы алты трансформатордың төртеуі жекеменшікке тиесілі. Ал екеуі шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Жаз маусымында сусын, балмұздақ сататын дүңгіршектер қосылады. Біз жергілікті әкімдікпен, монополияға қарсы ұйыммен талқыладық. Оң шешімін табады деп ойлаймын.

«Таза Қазақстан» акциясы ұлттық парк қызметкерлерінің жұмысын біршама жеңілдетіпті. «Бұл бір жағынан демалушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға сеп болған жоба», - дейді ұлттық парктің ғылыми қызметкері Алтынбек Құрманов. Экологиялық туризмге шетелдіктер тарапынан қызығушылық зор екен. Бәріне бірдей қойылатын ортақ талап бар. Ол – ерекше қорғалатын аумақтың тазалығы.

Алтынбек Құрманов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері:

- Бұл – қайталанбайтын табиғат. Мысалы мынау өрт болды ма анау тастың бетіндегі қынаны от жалап кеткеннен кейін ол кемінде бір жүз жыл керек ол қалпына келу үшін. Ал ол уақытта нөсер жаңбыр, дауыл суық, аяз боранмен ол шағылады да үгіліп, құмға айналып кетеді.

Экологиялық туризмді Баянауыл табиғи ұлттық паркі 2007 жылы қолға алды. Бүгінгі таңда 14 туристік соқпақ құрылған. Демалушылар «Кемпір тас», «Қоңыр Әулие үңгірі», «Әулие бұлақ», қазақша атауы «Қара қуыс» сияқты тылсымға толы ерекше жерлерге барады. Туризмді дамытуға байланысты келер жылы бірнеше жоба жүзеге аспақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Зейнолла Талипов, Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы:

- Ішкі туризмді дамыту масқатында Баянауыл ауылына кіреберіс жерде өлкетану мұражайы бар визит орталығының құрылысы жүргізілуі тиіс. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.  Сонымен қатар Сабындыкөл көлі жағажайын қоғамдық жағажайын абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп бұл жерде демалушыларға қажетті барлық инфрақұрылымдар бой көтереді деген ойдамыз.

Биыл Баянауыл ұлттық табиғи паркі 162 мың адамды қабылдаған. Саяхатшылардың 50%-і туристік маршруттарға шығады. Олар тамылжыған табиғатты, тас мүсіндерді тамашалайды. Киелі жерлерге зиярат етіп барады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев