Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр

Қазақстаннан Вьетнамға сапарлаған адамдардың саны күрт өскен.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Вьетнам елдері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы заң қабылданды. Келісімге Ханой қаласында былтыр 21 тамызда қол қойылған.  Заңды қабылдау - Вьетнам аумағында Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерінің сақталуына, жасалған құқық бұзушылық үшін жазасын өтеу орнын таңдауға ықпал етеді.

Еліміз тағы қандай елдермен сотталушылармен алмасу туралы келісім жасасқан?   

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Қазақстан бұған дейін әлемнің 23 елімен осындай шарт жасасқан болатын. Бүгінде Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр. Ал 1 мыңнан астам шетелдік біздің елде түрмеде отыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, олардың 54-і өз еліне ауыстыру туралы өтініш білдірген. Оның 18-і бойынша оң шешім қабылданды. 3 адамға рұқсат берілмеген. Ал қалған өтініштер бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, жазасын шетелде өтеп жатқан қазақстандықтардың басым бөлігі көршілес ТМД елдерінде екен. Міне экранда көрсетілгендей Ресейде – 649, Қырғызстан – 32, Беларусия – 26, Өзбекстан – 24, Корея – 36 адам істі болып сотталған.  Дәл осылай, елімізде қылмыс жасап, түрмеде отырған шетел азаматтарының басым бөлігі де Өзбекстан, Ресей , Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінен келген.  

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Мемлекет үшін сотталған адамдарды адамдарды қорғау Конституция жүктеген міндет. Себебі Конституция еліміздің шетелде және осында жүрген азаматтарды қорғауға кепілдік береді. Осыған байланысты шетелде қылмыс жасап, бас бостандығынан  айыру мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматтардан бас тартпаймыз. Олардың елімізде жазасын өтеу үшін бірқатар елдермен келісім жасау үшін жұмыс жасаудамыз. Бұл келісімшарттардың маңызы зо. Әлеуметтік тұрғыдан қарасақ шетелде сотталған азаматтарымызды туыстарынан алыстатпай қоғамға тез бейімдеу оларға ықпал етеді.

-   Ал Вьетнам тарапы бұл құқықтық шартқа қалай қарайды екен? 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Иә, айта кету керек дәл осындай Заңды биыл 10 шілдеде Вьетнам Республикасы да ратификациялаған екен. Демек, қос ел арасында істі болған екі ел азаматтарын отанына беру жөнінде құқықтық келісім бірдей жасалып отыр.  Тағы бір айта кетерлігі, бүгінге дейін Қазақстан мен Вьетнамның  бір-бірінің аумағында сотталған азаматтары жоқ екен. Алайда бас прокуратура екі ел арасындағы туристік ағынның көптігін болжап, кез-келген қылмыстың алдын алуды жөн көріпті. Өздеріңізге мәлім, биыл мамыр айынан бастап екі ел азаматтары үшін туристік виза алынып тасталды.

Нұрсұлтан Бәйтілесов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өзге халықаралық келісімдер бойынша соңғы 5 жылда 160 азамат Қазақстанға, 260-тан астам шетелдік Қазақстаннан өз отанына қайтарылған. Демек шартты ратицикациялау болашақта екі ел азаматтарының мүдделерін толық қорғауға мүмкіндік береді. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Еліміз жыл сайын халықаралық іздеуде жүрген 60-қа жуық қылмыскерді ұстап беру үшін шет мемлекеттерге сұрау салады екен. Яғни, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарғандардың жүрген жерін анықтап, ұсталғаннан кейін оларды елге экстрадициялау туралы сол елден заңды көмек сұрайды. Сәйкесінше біздің елдің құзыретті органдарына жылына өзге елдерден 90-ға жуық сұрау түседі. Ал осы іздеуде жүргендерді елімізге экстрадициялау немесе Қазақстанда тығылып жүрген өзге ел азаматтарын беру Бас прокуратураның құзыретіне жатады.